Экономика
Қазақстанда ДСҰ шарттары аясында шетелдік банктер жұмыс істей бастайды
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында шетелдік қызмет көрсету саласы елімізге келе бастайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Жанель Күшікова осылай мәлімдеді.
Бүгінгі күні 115 қызмет көрсету секторымен келіссөздер жүргізілген. Сонымен қатар, ДСҰ-ға өткеннен кейінгі бес жылдан соң Қазақстанда тікелей шетелдік банктер мен сақтандыру ұйымдары ашылатын болады.
"Біз қаржы секторын ырықтандыру жұмыстарын жүзеге асыратын боламыз. Бұл ретте шетелдік банктер енді бес жылдан кейін өздерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға мүмкіндік алатын болады. Ол филиалдардың қызметтерін реттеу бойынша мүмкіндіктер де ұсынылып отыр. Біз олардың негізгі капитал мөлшеріне қатысты қатаң шарт белгілеп отырмыз", - деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, телекоммуникация қызметтері секторы да ырықтандырылмақ. Бүгінгі күні қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін жеткізуші компанияларға шетелдік капиталдың қатысуына шектеулер бар, яғни қатыстырылатын шетелдік капиталдың мөлшері 49 пайыздан аспауы шарт. Алайда, департамент басшысының айтуынша, бұндай шектеулер Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейінгі алдағы 2,5 жылда жойылады. Тек ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан «Қазақтелеком» АҚ-қа ғана бұндай шара қарастырылмайды.
"Тұтастай алғанда бұл халық үшін жағымды құбылыс болмақ. Өйткені, шетелдік қызмет көрсетуші компаниялардың нарыққа енуі бәсекелестікті арттырады, сәйкесінше баға да арзандап, сапа жақсармақ", - деді Ж. Күшікова.