Франция Әблязовті Қазақстанға қайтара ма – Бас прокурордың орынбасары жауап берді
Алматы. 18 қаңтар. 7kun.kz – Мәжіліс кулуарында журналистер Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевқа Франция тарапы Әблязовті Қазақстанға қайтара ма деген сұрақ қойды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ол Әблязовты экстрадициялау мәселесі бойынша Франциямен тиісті келісімнің жоқ екенін атап өтті.
«Қазір өзара қарым-қатынас принциптері туралы француз шартын басшылыққа аламыз. Біз өз сауалымызды жібереміз, олар өзара қарым-қатынас принципі бойынша орындайды. Экстрадициялауға келетін болсақ, өзара келісімшартсыз сұрау жібереміз. Франция беріп-бермейтінін өздері шешеді», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Сондай-ақ Әсет Шыңдалиев бүгін Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңда экстрадициялау қарастырылмағанын атап өтті.
«Бұл Әблязовқа қатысты деп айтпас едім. Бізде 29 елмен осындай шарттар жасалды. Олар - әртүрлі елдер, соның ішінде еуропалық елдер. Сондықтан мұны қандай да бір адам үшін әдейі істеп жатырмыз деуге болмайды», – деді ол.
Оның айтуынша, Франция прокуратурасы өзінің және қазақстандық материалдар бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Тергеу соты осы материалдар бойынша Әблязовты ұстау туралы шешім қабылдады. Әблязов пен оның адвокаттары тергеу сотының бұл шешімдеріне шағымданды. Сот ішінара өтінішті қанағаттандырды. Бірақ Франция прокуратурасы бұл шешімге шағымданды, ол қазір қаралуда», – деді Шыңдалиев.
Айта кетейік, бұған дейін Франция Мұхтар Әблязовқа саяси баспана беруден бас тартқанын хабарлаған едік.