Экономика
IT, Технология
Франция Ресейге "Мистраль" кемелеріне қатысты келісімді 785 млн еуроға бұзуды ұсынды
Франция Ресейдің қорғаныс министрлігіне "Мистраль" әскери кемелерді жеткізу туралы келісім-шартты бұзатындығы жөніндегі ұсынысын жіберді деп хабарлайды "Коммерсант" басылымы әскери-техникалық серіктестік саласындағы дереккөздеріне сілтеме жасап.
Француздықтар келісім бұзылғанының төлемі ретінде Ресейге 785 млн еуро бермекші. Бірақ ресей үкіметі кемелерді басқа үшінші тарапқа сатуға келісім бергеннен кейін ғана ақша аударылады деп жазады басылым.
"Коммерсанттың" мәліметінше, әзірге Мәскеу бұл жағдаймен келіспей отыр. Ресей келісімнің бұзылуына байланысты шығындар көлемін 1,163 млрд еуро деп бағалайды. Сондай-ақ, Кремль қаржы қайтарылмайынша реэкспортқа рұқсат бермейтіндігін де мәлімдеді.
Басылым дереккөзінің айтуынша, Франция жұмысты қабылдар кезіндегі актіде есептелген қаржыны, ал Ресей экипажды оқытуға, әскери кемелерді Владивостокта орналастыру үшін инфрақұрылымның құрылысына және палбуалы Ка-52К тікұшақтарын құрастыру үшін кеткен шығындарды қайтарып алғысы келеді.
"Франция жолдаған ұсыныста көрсетілген қаржы көлеміне біз қанағаттанбаймыз. Вице-премьер Дмитрий Рогозин Францияның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс бойынша бас хатшысы Луи Готьеге келіссөздер жүргізу туралы хабар берді. Олар өздерінің аргументтерін дайындап жатыр", - деп мәлімдеді "Коммерсанттың" дереккөздерінің бірі.
Сондай-ақ, басылымның ақпараты бойынша, бұдан бөлек тағы бір келісе алмаушылық бар: француздықтар кеменің құрылысы кезінде жеткізілген ресейлік құрылғыларды жүктеу, бөшектеу және қайтаруға қатысты шығындарды тең бөлуді ұсынды. Ал Мәскеу келісім-шартты бұзуды Париж ұсынғандықтан шығындарды әскери кемелердің құрылысымен айналысатын Франциядағы мемлекеттік DCNS қорғаныс компаниясы төлеуі қажет деп есептейді.