АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) 14 желтоқсан өткен отырысында базалық мөлшерлемені 0,5–0,75 пайызға көтерді. Бұл шешімді америкалық қор нарығы ғана емес, бүкіл әлем бір айдан беріп күтіп жүрді. 7kun ФРЖ-ның мөлшерлемесі әлемдік экономика не үшін маңызды екенін түсіндіріп, оның теңгеге әсері қандай екенін айтып береді.
Ең алдымен, ФРЖ деген не?
Федералды резерв жүйесі - АҚШ Ұлттық банкінің функциясын атқаратын тәуелсіз федералды агенттік, яғни Қазақстанның Ұлттық банкі қаржы саясатын қалай бақылап отырса, оның да қызметі сондай. Тек бір айырмашылығы - ол президент пен биліктің қандай бір өкіліне тәуелді емес және шешім қабылдағанда ешкімнің мақұлдауына зәру болмайды. Дегенмен, бұл ерекшелігі кейде өзіне сын боп келеді, себебі, сарапшылардың пікірінше, олардың ешкімге тәуелді болмауы ФРЖ-ның жасырын, жабық жұмыс істемеуіне жағдай жасап отыр.
ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемесі деген не?
Бұған дейін айтқанымыздай, ФРЖ АҚШ-тағы Ұлттық банктің функциясын атқарады. Пайыздық мөлшерлемесі де Қазақстан мен Ресейдің Ұлттық банкінің я басқа да осы секілді қаржы институтының пайыздық ставкасына ұқсайды.
Қысқаша айтқанда, пайыздық мөлшерлемені тұтынушыларына кредит беретін коммерциялық банктерге кредит беру үшін пайдаланады. Яғни, жүректің қан айналым жүйесін реттейтіні секілді, ФРЖ да қаржы жүйесін ақша беріп реттеп отырады. Ставка төмен болған сайын «тамырлар» үлкейеді де, ағзаға көбірек «қан» барады. Пайыздық мөлшерлеме көтеріліп, валюта қымбаттаған сайын, банктерге кредит жоғары пайызбен беріледі.
Пайыздық мөлшерлемені қашан көтеріп, қашан түсіреді?
Бұл экономиканың эффективтілігіне байланысты. Экономика – ақшалардың инвестиция, жалақы, шығындар секілді түрлі форма болып ұдайы қозғалып отыратын процесс. Экономика жағдайы нашарлағанда, инвестиция азайып, жалақы түсіп, сәйкесінше шығын мен сатып алу азайып, осы қозғалыстың барлығы баяулап қалады. Осы жағдайда қаржы жүйесін «тірілту» үшін пайыздық мөлшерлемені түсіреді.
Бірақ экономика қарқынды болып, инфляция өсіп, кредиттеу артса, тәуекелі көп кредиттер саны көбейеді де, қаржы жүйесіне қауіп төнеді. Осы кезде аса белсенді инвесторлардың белсенділігін бәсеңдету үшін ставканы көтереді.
Қазір ставка қандай?
Кеше, 14 желтоқсанда, өткен жиыннан кейін пайыздық мөлшерлеме 0,5-0,75 пайыз аралығында көтерілді. Енді федералды резерв жүйесі осы шама аралығының қайсысы тиімді болса, соны енгізіп отырады да, сол мөлшермеле арқылы банктерге қысқамерзімді кредиттер береді.
2008 жылдары ставка 0 мен 0,25 пайыз аралығында болған. Пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі әлемнің қаржы жағдайына байланысты екеніне осыдан-ақ көз жеткізуге болады. Қаржы дағдарысына ұшыраған экономиканы реттеу үшін ФРЖ-ның алдында экономиканы қолдау миссиясы тұрды, осылайша ол ставканы минимум шамаға дейін түсірді.
Ставканы не себепті көтерді?
14 желтоқсанда Федералды резерв жүйесі пайыздық ставкасын 0,5-0,25 пайыз аралығында көтерді. Мұндай шешім қабылдауға соңғы айларда жұмыспен қамту деңгейі тұрақталып, жұмыссыздар санының азаюы әсер еткен. Кейбір басылымдардың жазуынша, мұның себебін ФРЖ төрағасы Джанет Йеллен АҚШ президенті Дональд Трамп іске қосуға тырысып жатқан бағдарламаға байланысты деп түсіндірген. Айта кетейік, 2015 жылғы желтоқсанның 17-сінде тоғыз жылдан бері алғаш рет ставкасын өсірген. Ол 2006 жылы бекітілген 0 мен 0,25 пайыз аралығынан көтерілмеген еді.
Мұның теңгеге әсері қандай?
Пайыздық мөлшерлемені көтеру тек теңгеге ғана емес, басқа елдердің де, әсіресе, дамушы елдердің экономикасына әсер етеді. Себебі, пайыздық мөлшерлеменің өсу-өспеуі туралы әңгіме айтылса, оның ең алдымен долларға қатысты екенін білетін шығарсыз? Сондықтан, ФРЖ қабылдаған кез келген шешім қаржы айналымында доллардың қандай да бір үлесі бар елдерге сөзсіз әсер етеді.
ФРЖ-ның ставкасы көтерілсе доллар қымбаттайды. Яғни инвесторлар қаржысын тәуекел мен табысы аз емес, нақты әрі тиімді жобаларға бағыттап, ақшасын абайлап жұмсайтын болады. Бұл жерде экономикасы инвестиция тәуелді Қазақстан секілді дамушы мемлекеттер жапа шегеді. ФРЖ ставкасының жоғары болуы әлемдегі шикізат бағасының, оның ішінде ең алдымен мұнай бағасының арзандауына себепші болады.
Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін 15 желтоқандағы таңғы сессияда доллар қайтадан нығайды. 14 желтоқсан күні 1 доллар 331,80 теңгені құраған еді. Бүгін бірден 3,58 теңгеге қымбаттап, 1 доллар 334,83 теңгеге өсті.