Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Г.Сұлтанбаева: Журналистік білім беруде инновация қатар жүруі қажет

Г.Сұлтанбаева: Журналистік білім беруде инновация қатар жүруі қажет

Соңғы кезде медиа саласы үлкен өзгеріске ұшырауда. Ақпарат тасқынының ауқымдылығы, азаматтық журналистиканың белсенділігі, БАҚ-ның алдына әлеуметтік желінің шығуы журналистік білім беруге жаңа көзқарас қажеттігін көрсетіп отыр.  Қазақстандағы журналистік білім беру саласы бұл үдеден шығып отыр ма?  Медиа саласындағы осы және өзге де мәселелер туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д, профессор Гүлмира Сұлтанбаевамен сұхбаттасқан едік.

- Гүлмира Серікбайқызы, жаңа оқу жылы басталған кездегі қарбаласқа қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Сұхбатты бірден сыннан бастауға тура келіп тұр. Журналистік білім беру сапасына қатысты сын көп. Әсіресе қазіргі заман талабына сай журналистер дайындалмайды дегенді жиі естиміз. Журналистік білім беру қаншалықты заман талабына сай?

- Бұл мәселеге обьективті де, субьективті де пікір білдіруге болады. Біздегі проблеманың бірі - коммерциялық бағытта оқитын студенттер санына шектеу қойылмауда. 70 балл алған бала Ұлттық университетте коммерциялық негізде оқуға құқылы, бірақ олардың журналистика қаншалықты бейім екендігі назардан тыс қалып жатады. Шын журналист боламын деген жастардың жанында журналистикаға кездейсоқ келген студенттер де бар. Журналист деген адам бойындағы шығармашылықтан қалыптасады. Біз оны барлық жанрға баулып, журналистке қажетті білім береміз. Бірақ оның жазуға, сызуға, ойлауға, көзқарасын қалыптастыруға, өз-өзін дамытуға деген деген қабілеті байқалмаса, біз журналист шығарамыз деп жауап бере алмаймыз. Білім берудің өзіндік траекториясы болады. Сабақ кестесін құру, студенттерді топтастыру, қажетті ұстаздарды, қажетті пәндерді бекіту деген сияқты үйлестіру жұмысының өзі өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қазір біз AQA деген тәуелсіз австралиялық компаниясымен байланыс орнаттық. Олар соңғы 3 жыл бойы университетіміздің гуманитарлық және жаратылыстану мамандықтарын аккредитациядан өткізеді. ҚазҰУ - Болон үдерісіне қосылып, кредиттік технологияны енгізген алғашқы университет. Тәуелсіздік жылдарынан кейін қол жеткізген басты жетістіктеріміздің бірі. Кейін біздің мамандықтарымыз Болон үдерісінің талаптарына қаншалықты сай келеді деген сұрақ туындады. AQA тарапынан бізге бірнеше ескертпелер келді. Олардың алғашқысы- журналистика деген мамандықтың атауын өзгерту туралы ұсыныс. Бірақ мұны бірден ауыстыра салу мүмкін емес, ұзақ процестен тұрады. Әлемнің озық елдерінде журналистика мамандығы бизнес коммуникация, ақпараттық коммуникация деп оқытылады. Яғни олар барлығын коммуникация деген саладан таратады. Ал бізде «журналистика» атауы кеңестік кезден қалған. Қазір бұл ұсынысты қарастырып жатырмыз. Екінші ескертпе ретінде сөз бостандығына, демократиялық құндылықтарға негізделген таңдау пәндерінің элективті курста болмауы деген сын айтты. Осы жаңа оқу жылына екі таңдау курсын енгізіп отырмыз. Бұл ескерту өте орынды. Бізде бір жақты пікірдегі мамандар болмауы қажет. Өткен 3 ай бойы біз оқу бағдарламамызды журналистиканы оқытатын ең үздік университеттердің бағдарламасына сәйкестендіріп жасадық. AQA тарапынан бұл жобамыз ескертпесіз қабылданды. Егер болашақта бағдарлама толықтай мақұлданса, 2016-2017 жылдары бакалавр мен магистратураға жаңа пәндер енгізетін боламыз.

- Сынның бірі - журфакта бүгінгі күні сұранысқа ие бағыттар оқытылмайды. Сіздерде интернет журналистика, мультимедиалық журналистика, іскерлік журналистика, журналистикадағы дизайнерлік сияқты бүгінгі күні сұранысқа ие салалар қаншалықты терең оқытылады?

-Сіз айтып отырған пәндер барлық студенттер үшін оқуға міндетті базалық пәндердің қатарында. Білім берудегі ерекшеліктің бірі - соңғы 2 жылда коммуникацияға 3D технология енгізу. 3D өлшемді камералармен жұмыс істеу тәрізді арнайы бағдарламаға да тапсырыс бердік. Бұл пәндер үшін мамандар табу тапшы. Бірақ батыл түрде енгізіп, Konica Minolta-дан, механика- математика факультетінен мамандар шақырып отырмыз. Қазір мультимедиалы- конвергентті редакциялар үлкен сұранысқа ие. 3D өлшем - заманның талабы. Тек коммуникациялық процесте емес, барлық салаға еніп жатыр. Мұны кенжелетіп алуды бізге уақыт кешірмейді. Біздің нарық талабынан қалмауымыз қажет. Сондықтан маман тапшылығына қарамастан енгізіп, жан-жақтан кадрлер тартып жатырмыз. Көбінесе орыс тілінде. Тағы бір ерекшелік – келісім - шартқа отырған жұмыс берушілерімізден «бақылау механизмін» іске қосуды сұрап отырмыз. Мысалы, «Қазақ газеттері» журналистика үшін пән ұсынса, өздерінің тәжірибелерін бөлісуге дайын болуы қажет. Өздері эксперт ретінде бақылап, қанша бала оқу бітірді, қаншауы нақты білім алып шықты деп қадағалап отыруы қажет.

Sequence 01.00_08_45_13.Still004

- Журналистік білім беруге реформа керек деген пікірді жиі естиміз. Мысалы: көбейіп кеткен журфактарды қысқартып, базасы мықты екі-үшеуін қалдыру, сабақ беру тәсілін актерлерді дайындағандай шеберхана түрінде өткізу сияқты. Бізге мұндай өзгерістер қажет пе?

-Білім беру саласын толықтай реформалаудың өзіндік орны бар. Қазір кезең-кезеңімен енгізілетін оқу модульдерін ұсынып отырмыз. Бірақ ол тек 1 жылдан кейін ғана енгізілуге дайын болады. Мұны да реформаның бір түрі деп есептеу қажет. Аймақтық 19-18 университетте  журналисткика мамандығын ашып қойып, техникалық базасыз білім беруге болмайды. Бұл - өте күлкілі жағдай. Журналист дайындап шығару мүмкін емес. Біз қанша технологиямен қамтыдық деген күннің өзінде де, 3D класстерлеріміз, 3D студиялар жоқ. Шағын университеттерде журналистика кафедрасын ашып қойып, студент оқытуды жай бизнес көзі деп білер едім. Реттеп, жүйелеп ең маңыздыларын қалдыру қажет. Қазір Л.Гумилев атындағы оқу ордасында журналистика және саясаттану факультеті бар. Қарағанды университетінде 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан кафедра бар. Қызылорда, Түркістан, Павлодар университетіндегі кафедралар жақсы жұмыс істей алады. Жасырудың қажеті жоқ, өзге аймақтарда журналистиканы оқыту технологиясы өте нашар. Сондықтан барынша ықшамдап, тек таңдаулыларын ғана қалдыру қажет деп есептеймін.

- Журналистік жоғары білімнің қажеті жоқ, курстар жеткілікті дегенге қалай қарайсыз?

-Мұндай полемика алғаш рет Ресейде қалыптасты. Біздегі көптеген үрдістер, тенденциялар ресейлік нарықтан келеді. Академиялық ортада алған білім – толыққанды білім. 2 айлық курстан білім алғанда, ол тек қажетті деген мәліметтерді меңгеріп шығады. Академиялық тәжірибені тек университеттерде ғана жүзеге асыруға болады. Қазір кез-келген мамандық иесінің әлеуметтік желі де өз пікірін білдіріп, жазба қалдырып, азаматтық журналистиканы дамытуға мүмкіндіктері бар. Бірақ олар ешқашан кәсіби журналистермен теңесе алмайды. Сіз айтып отырған құбылысты белгілі бір көзқарастар, пікірлер тудыра отырып, журналистика мамандығының статусын төмендету деп санаймын. Курс - балама білу алу көзі. Бізде көп азаматтарымыз терең жағын қарамайды. 3 ай оқып шығып-ақ журналист болып кетемін деп ойлауға болмайды. Академиялық білім көне заманның философиясынан бастап жаңа заманғы технологияға дейін үйретеді. Жан-жақты білім береді. Мұндай ортада жұмыс істеп үйренбеген адам кейін деректер тасқынының астында қалады. Ал журналист деректер арасында адасып қалмауы қажет. Адасып қалған журналисттен ештеңе талап ете алмаймыз.

- Қазір журналистика саласында білім беретін курстар көп екен. Алматы мен Астананың өзінде онға жуық. Бұлар журналистік білім беруге жақсы әсер ете ала ма?

-Нарық еркін, оларды қадағалап, шектеу қоя алмаймыз. Журналистика курстарының арасында да өз таңдаулылары болады. Бірнешеуін ғана айтуға болады.  Журналист күнде біліктілігін арттырып отыруы керек. Әр күн сайын заман талабынан қалмауымыз қажет. Ал журналистика курстарының жағдайын нарықтың өзі реттеп, таңдаулыларын ғана қалдырады. Бұл курстардың көбейгеніне аса қиналудың қажеті жоқ.

- Журналистерге білім беретін ұстаздардың тәжірибесі қалай? Олар өздері сабақ беретін пәнін қаншалықты меңгерген? Теория мен практиканы қалай ұштастырып жүр?

- Журналистикаға сабақ беруге келген әрбір ұстаз жаңа медиамен дос болуы қажет. Жылда БАҚ-та жұмыс істейтін, тәжірибелі мамандарды тартуға тырысамыз. Егер студент тарапынан ескертпе болса, біз оқытушымен жұмыс істеуге тырысамыз. Біз ол оқытушыны алып тастаймыз, не өз біліктілігін арттыруды талап етеміз. Енді алдағы уақытта дәріскерді практикалық, шығармашылық жағынан аттестациядан өткізуді ұсынып отырмыз. Университет тарапынан қолдау тапса, жүзеге асырамыз. Қазір бізде екінші жыл қатарынан қазақ, орыс топтарына бөлек ағылшын тіліндегі топтар қосылды. Барлық пәндері ағылшын тілінде өтеді. Анна Данченко, Руслан Меделбек ағылшын тілінен сабақ береді. Ербол Азанбек іскерлік журналистика саласына студенттерді дайындап жүр. Бізге осындай мамандар қажет.

Sequence 01.00_08_57_04.Still003

- Журналистика кафедрасын ұзақ уақыттан бері басқарып келесіз. Ұжымның әлеуметтік жағдайы қалай?

-Журналистерді дайындайтын кафедраны басқару - өте салмақты миссия. Бұл жұмыс менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен. Қазіргі оқытушыларды сен жаңа медиадан хабарың жоқ деп жұмыстан шығара салуға болмайды. Мұны үлкен минус дер едім. Ол адамның қабілетін ашу қажет. Бізде магистратураны бітіріп жатқан жастар бар. Олар профессорлардың көмекшісі, лаборант есебінде жұмыс істейді. Ұзақ жылдар жұмыс істеп, қазір зейнет жасында жүрген оқытушыларымыз бар. Бірақ олардың өзі санаулы ғана. Факультетте оншақты профессор болса, солардың 6-7 біздің кафедрамызда жұмыс істейді. Олардың дәріс беруі үшін кафедрамызда ұзағырақ ұстауға тырысамыз. Бізде тек ғылыми атағы бар ұстаздар ғана дәріс оқи алады. Ал ол бірінші курс студенттері үшін өте маңызды. Журналистикалық білім беруде инновация қатар жүруі қажет. ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы мектептегі кейбір шығындарымызды көтеріп жатыр. Ал «Инвесторлар альянсы» тренерлер шығындарын көтеріп отыр. Бұл да бізге үлкен қолдау. Білім беру процесінен бөлек ғылыми зерттеулер ұйымдастыру қажет. Әлемдік университеттердің дәстүрі бойынша университетімізде рейтингтік жүйе құрылған. 4 жыл бұрын жалпы тізімде кафедра көрсеткіші өте төмен еді. Биыл біз рейтинг бойынша 10-орында тұрмыз. Әлеуметтік жағына келгенде, біз оқытушыларға барлық жағынан көмек беруге тырысамыз. Кез-келген ғалым ретінде халықаралық бағдарламаларға тапсырыс беріп, шәкіртақы алып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар. Мемлекеттік грантпен жұмыс істей алуы қажет. Шектеу жоқ. Тек әр адам өз-өзін қалыптастырып, өз мектебін қалыптастыруға ұмтылуы қажет.

- Жаңа өзіңіз айтып кеткен рейтинг сападан санға ауысуына әсер етпей ме? Айтпақшы, осы мәселе де жиі сыналады.

-Кейбір семинарлардың сан үшін өткізіліп, сертификаттардың сан үшін жасалынатындығы рас. Қазір университет менеджерлікті қатаң қолға алып жатыр. Жақсы жұмыс істеп өзін көрсеткен ғалым да, тек сан үшін жүрген адамдар бар. Бізде «қызыл зона» деген болады. Рейтингтің соңына түсіп, қызыл зонаға қалғандармен  келісім шартқа отырмаймыз. Осыған байланысты ғылым докторларының жұмыстан айырылып қалған жағдайы бар. Шын ғылымға икемді, ғылымға жаны ашитын мамандар аз. Ұстаз бен ғалымдықты қатар алып жүруі қажет. Бірақ бұл ұзақ жұмысты қажет етеді.

- Журналистика факультетінде өткен оқу жылында қандай  өзгерістер болды? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Соңғы жылдары біздің оқу процесімізде ірі жетістіктер болды. Біздегі ағылшын тобы ашылып, оны бітіріп шыққан студенттер Konica Minolta академиясының жаһандық кеңсесінде тәжірибеден өтіп қайтты. Дәл қазіргі уақытта трансұлттық корпорациялар академиялық ортаға бейімделген бағдарламаларын ұсынуда. Жапондық Konica Minolta холдингінің бакалавр және магистратура үшін ұсынған бағдарламасы осының дәлелі. Айта кету керек, Қазақстанда жапондық корпорация ұсынған оқу бағдарламасын біз алғаш рет енгізіп отырмыз. Енді ірі трансұлттық корпорациялардың маркетингтік әдісін зерттеп, докторантураға бағдарлама ретінде енгізу қажет деген ұсыныс айттық. Бұл бизнес коммуникация бағдарламасы ретінде бекітілуі қажет, осы салада маман дайындай аламыз. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тындырған жобамыздың бірі – жазғы және қысқы мектептердің ұйымдастырылуы. 2 жыл қатарынан журналистика саласына қатысты мамандар еркін форматта жиналып, өзара тәжірибе алмасады, студенттер үшін шеберлік алаңына айналды. Сондай-ақ Бас редакторлар клубымен өзара Меморандумға қол қойылып, студенттердің тәжірибеден өту жағы қамтылды. Қазір студенттеріміз Шалқар радиосына аптасына бір рет, 10 минуттық «Ұшқын» атты бағдарламасын ұсынады. Мұны болашақ журналистер үшін өте үлкен тәжірибе деп айтуға болады. Сондай-ақ «Хабар» арнасының 20 жылдығы аясында «Ауыл жастарының өз көзқарасын мобильдік құрылғылар арқылы жеткізуі» атты байқау қорытындысын жарияламақпыз. Осыған дейін Хабар арнасымен де Меморандумға қол қойған едік. Енді студенттеріміз жүйелі түрде тәжірибеге қабылданып, танымал журналистер тұрақты түрде шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Әзірге 100 пайыздық жұмыспен қамту туралы келісім жоқ. Ол студенттеріміздің қабілеті мен жұмыс беруішінің талабына да байланысты болады. Дегенмен «Хабар» арнасына жұмысқа орналасқан студенттеріміздің қатары жыл сайын артып келеді. «Қазақстан-2050» қозғалысын алғаш рет қолға алып, жастар орталығын құрдық. Осы жыл соңында 1 жылға созылатын, жастар арасында үлкен байқау жарияламақпыз. Аймақтағы жастармен видеобайланыстар жүргізіліп, жастар арасындағы проблемаларды көтеруді онлайн режимде жүзеге асырамыз. Таяуда ғана университетіміз «Инвесторлар Альянсымен» өзара меморандумға қол қойды. Қоғамдық бірлестік арнайы бағдарлама ашып, жас бизнесмендерді тәрбриелеп шығармақшы. Алдағы уақытта «Жас инвесторлар альянсын» құру туралы идея бар. Ал осы жобаның жүзеге асырылатын алаңы Қазақ Ұлттық Университеті болмақ.

Sequence 01.00_09_43_17.Still002

- Cіз Қысқы және жазғы мектепті ұйымдастырып жүрсіз. Бұл тренингтердің мақсаты не?

-Қысқы және жазғы мектеп туралы идеялар Санкт Петербургке оқуға барғанымда келді. 2007-2008 жылдары өзім дәл сондай мектептерге қатысып, дәріс тыңдаған едім. 1-2 жылдан соң дәл сондай мектептерді бізде де неге ашпасқа деген ой келді. Екінің бірі шетелге баруға мүмкіндігі жоқ. Ең алдымен университет аясында жазғы мектепті бастап, студенттермен бірге Ыстықкөлге бардық. Алғашында қатысушылар саны аз болды. Университетік деңгейде өткен шараның келесі жылы ауқымы кеңейіп, адамдар көбейді. Демеушіміз ҚазҰУдың «Парасат» және «Сұңқар» кәсіподақтары болды. Олардан алынған жолдаманы жеңілдікпен қатысушыларға саттық. Келесі жылы мектебімізге шетелдік журналист, фотограф Дин Кокс келді. Өркен Кенжебек, Бейсен Құранбек, Серікқазы Кәкібаланов, Мұхамедәлі Болатұлы сынды журналистердің жол шығынын көтере алмасақ та, олар азаматтық танытып, келіп, студенттерге білгендерімен бөлісіп кетті. Біздегі мақсат – журналистика мамандары мен студенттері арасын одан әрі жалғастыру, достық байланысты нығайту. Еркін форматта, табиғат аясында жүріп өткізген шеберлік сыныптарының өзі қатысушыларға ерекше әсер сыйлайды. Кез-келген шараның, әрбір курстың жұмыс істейтін бағыты өзте маңызды. "Қысқы мектеп" Тау-Тұран демалыс орнында өтті. Ауасы таза, жылы, тау баурайында орналасқан. Табиғаты өте тамаша жер. Келген қатысушылардың барлығы әрі білім алып, әрі демалып қайтады. Екінші қысқы мектеп форматын ЮНЕСКО-ның демеушілігімен байланысты «Радио күні» деп атадық. Осы салада жүрген майталмандар келіп, шеберлік сыныптарын өткізді. Қырғызстандық делегаттар, радиожурналистер мен тележурналистер,сондай-ақ қырғызстандық студентер келіп қатысты. Әр елдің журналистері өзара тәжірибе алмасып, осы саладағы біліктіліктерімен бөлісті. Алғашқы мектепке 70-тен аса адам қатысса, осы жолғы жобаға 160-тан аса адам келді. Алдағы уақытта жасына, өзара тәжірибелеріне қарай топ-топқа бөліп өткізебеміз бе деген ой бар. Орал, Петропавл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда қалаларынан, Алматыдағы "Дарын" мектебінің оқушылары өте белсенділік танытып отыр. Яғни географиясы өте ауқымды. Ендігі тақырып ретінде қарастырып отырған медиасауаттылық мәселесі өте маңызды. Мектеп оқушыларына дәріс беретін ұстаздардың медиасауаттылығын арттыру қажет, осыны мектеп бағдарламасына енгізу туралы ой бар. Бұл ЮНЕСКО деңгейінде қолдау тауып отырған шаралардың бірі. Қазір кафедра ұстаздары осы тақырыпқа қатысты өз зерттеулерін жүргізіп отыр. Бүгінде жасөспірімдеріміз моральдық жағынан да әлсіз. Ақпарат тасқынының астында қалған. Әлеуметтік желінің ықпалында қалып, адасуға бейім болады. Мұның барлығы жастар арасындағы медиа сауаттылықтың төмен болуынан орын алып отыр. Олар қай ақпаратты дұрыс немесе бұрыс деп білуі қажет, қалай іріктеуі қажет. Қандай ағымдарға кетіп қалмау керек. Сондықтан бұл жоба алдағы уақытта қоғамдағы орнын табады, жақсы нәтижелер болады деп үміттенемін. Бұл медиа саласында өте өзекті екендігін және қоғамның барлық саласына тиесілі екендігін білдіреді.

- Тәжірибелі журналист, ғалым ретінде айтыңызшы бүгінгі журналистикаға көңіліңіз тола ма?

-Қазақ журналистикасы бар, даму бар. Өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Біз әлі алға жылжуымыз қажет. Әлемдік нарықтан үйренеріміз бар, бірақ бізден де үйренуге болады деп есептеймін. Телеарналардағы шоу жанрында бетбұрыс орын алды, бірақ талдамалы бағдарламалардың орны ойсырап тұр. Радиолар тек коммерциялық бағытқа бет бұрып, журналистика талаптарын ұмытып кеткен тәрізді. Рухниа дүниеге мән беретін тек Қазақ радиосы мен «Шалқар» бар. Эфирді музыка мен жаңалыққа толтырып тастаған. Рейтинг үшін күресетіндігін түсінемін, бірақ радио өзінің міндеттерін ұмытпауы қажет.

Похожие материалы