Экономика
Грекиядағы референдумнан соң еуро бағамы түсіп кетті
Әлемдік қор биржаларында еуроның доллар мен иенге қатысты бағамыГрекиядағы референдумнан кейін төмендеп кетті.
Қаржыгерлердің айтуынша, грек банктері коллапстың сәл-ақ алдында тұр.
Егер аталған жағдай орын алатын болса, миллиондаған гректер жинақтарынан айырылып, компаниялар банкротқа ұшырап, ел ішінде азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры азаятын болады.
Сарапшылар Грекия банктеріне сенімді несие беруші керек деп отыр. Бірақ, Еуропалық Орталық банк бұл қызметті қайтадан мойнына ала алмайды.
Еуропалық комиссия, Халықаралық валюта қоры және Еуропалық Орталық банк Грекияның негізгі халықаралық несие берушілерінің үштігін құрайды. Олар Афинадан салықтарды көбейтуді, әлеуметтік жәрдемақыларды азайтуды сұраған еді. Осылайша қарыздық міндеттерді орындауға болар еді.
Жексенбі күні гректер дауыс беру нәтижесінде халықаралық несие берушілердің шұғыл қарыз беру туралы ұсыныстарынан бас тартқан болатын.
Десе де, көптеген еуропалық саясаткерлердің айтуынша, Афинамен келіссөздер жүргізуге әлі де болсын есік ашық.