Хакерлер ақша ұрлау үшін Ұлттық банк сайтының көшірмесін жасаған
11 апреля, 2017
Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz - БанкЦентрКредитке ҚР Ұлттық банкінің жалған сайты арқылы киберашабуыл жасалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы сайтқа ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінен хабарлаған.
Банкке ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтына ұқсас nationalsbank.kz доменінен фишингтік хаттар жіберілген. Хатта компьютерді бұзуға арналған зиянкес кодтар болғаны анықталды. Жалған сайттың хостингі Қазақстанда орналасқанымен, иесі шетел азаматы екен. ҚР АКМ хабарлауынша әзірге шабуыл жасалғаны туралы ресми ақпарат БанкЦентркредиттен ғана келіп түскен. «Алайда басқа банктерге де қатысты болуы мүмкін» дейді министрлік хабарламасында. Алайда әзірге басқа банктер бұл туралы ақпарат таратпады. Айта кетейік, соңғы кезде қазақстандық банктерге жасалатын кибершабуылдар көбейді.Бірнеше апта бұрын Халық банк, Qazkom, Альфа-банк, Сбербанк, Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит кибершабуылға ұшыраған еді. 10 наурыз күні аталған банктер қазақстандықтарға үндеу жариялап, хакерлік әрекеттер туралы ескертті.