Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына баға берді

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына баға берді

Алматы. 27 маусым. 7kun.kz - Халықаралық валюта қоры ел экономикасын зерделеп, алдағы өзгерістерге қатысты өз болжамын жасады, деп xабарлайды inform.kz.

Миссия жетекшісі Марк Хортонның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанның экономикасы біртіндеп көтеріліп келеді. «Шынымды айтсам, біз өзіміз де таңқалдық. Болжамымыз бойынша биыл Қазақстанның экономикалық өсімі 4%-дан төмен болады. Дегенмен, аталған көрсеткіш одан да жоғары болуы әбден мүмкін. Шамамен, 4-4,5%-дың айналасында. Қазақстанның мемлекеттік органдары да біз айтқан болжамнан жоғары болады деп отыр. Бәлкім, біздің болжамымыз қате болып шығады. Дегенмен, барлығы қазіргі реформалардың сәтті іске асуына байланысты болады. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктерді сауықтыру шаралары қалай өтеді, экономикалық өсім де солай болады. Себебі ел экономикасын несиелендіру көлемін арттыру қажет», - деді М.Хортон Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, салық саласындағы реформалар да экономикаға оң әсерін тигізеді. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры жалақысы төмен азаматтардың кіріс салығын төмендету сияқты шараларды қолдап отыр. Алайда жоғары жалақы алатындардың прогрессивті межесін көтеру қажет деп санайды. Соның есебінен жеңілдік шараларын ақтауға болады. Ал білім мен денсаулық саласында адам басына қарай қаржыландыру тетігі енгізудің нәтижесінде бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндік бар. Ол да өз әсерін береді. «Ұлттық банк та өз жұмысын ойдағыдай атқарып келеді. Инфляцияның деңгейі 6 проценттің айналасында. Аталған көрсеткішті төмендету мақсатында тиісті шаралар атқарылып келеді. Теңге бағамы да қатты өзгерген жоқ. Оған, көбінесе, мұнасы бағасы мен рубльдің бағамы әсер етіп отырады. Геосаяси факторлар да бар. Жалпы, бүгінде экономикалық өсім байқалады. Енді, Ұлттық банк пен мемлекеттік органдарға экономиканы қаржыландыруды азайту қажет. Бизнес бірінші орынға шығуы тиіс. Оған тағы бір-екі жыл керек шығар. Дегенмен, қазіргі бастамалардың барлығын аяғына дейін жеткізген жөн. Сонда ғана экономикалық өсімнің көрсеткіші артады», - деп атап көрсетті М.Хортон.

Похожие материалы