ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық Банкі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ, Қазақстан Халық банкі, БТА Банкі , «Казкоммерцбанк» және оның ірі акционері К.Х. Рақышев мырза арасында негіздемелік келісімге қол қойылды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Келісімде "бірқатар алдын ала талаптарды орындай отырып, Казкоммерцбанктің Рақышев мырзаға және Самұрық-Қазына қорына тиесілі акцияларын Халық Банкінің Казкоммерцбанкті банктің капиталын жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету үшін докапиталдандыру мүмкіндігімен сатып алуы" көрсетілген. Докапитализация көлемі Халық банк пен Ұлттық банк бірігіп жүргізілетін кешендік тексерулер нәтижесінде белгілі болады.
"Докапиталдандыру мөлшерін есептегенде акцияларды сатып алу құны акциялардың әр пакеті үшін номиналды мөлшері 1 теңгені құрайды", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, келісімде «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның БТА Банкінен жекелеген активтер мен талап ету құқықтарын сатып алуы; БТА Банкінің Казкоммерцбанк алдындағы несие берешегін өтеуі және ҚР Қаржы министрілігі арқылы Үкімет және ҚР Ұлттық Банкі тарапынан қажетті қолдау көрсетуі қарастырылған.
Бұрын хабарланғандай, «Халық Банкі» бұған дейін Рақышев мырзадан және жеке «Самұрық-Қазынадан» «Казкоммерцбанк» акцияларының бақылау пакетін ықтимал сатып алуға қатысты келіссөздер жүргізді. ҚР Үкіметі және ҚР Ұлттық Банкі өз тарапынан «Халық Банкінің» «Казкоммерцбанк» акцияларының бақылау пакетін сатып алуы жөніндегі мәмілені тұтастай алғанда банк секторының тұрақтылығына қолдау көрсететін мәміле ретінде қарайды және Мәмілеге қаржылай қолдау көрсетуге ниетті. Бұған дейін тараптар арасында 2017 жылғы 2 наурызда Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
"Өз кезегінде, осы Келісім Меморандумға сәйкес жасалды және тараптардың әрқайсысы Мәмілені іске асыру шеңберінде жасайтын іс-қимылдарды заңды тұрғыдан міндеттейтін негізде бекітеді", - делінген хабарламада. Тараптар жақын арада Мәміле бойынша міндеттейтін қосымша құжаттарға қол қоюды жоспарлап отыр.
Тараптар жасасқан Келісім бойынша маңызды мән-жайлардың бірқатарын атап өткісі келеді:
-
Мәміленің негізгі алғышарты банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, оның ішінде Казкоммерцбанк пен Халық Банкі салымшыларының, кредиторлары мен инвесторларының мүдделерін қорғау болып табылады.
-
Мәмілеге қатысатын (Казкоммерцбанк пен Халық Банкінің) жүйе құраушы институттарының санын ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық Банк Мәміленің тараптарын қолдаудың белгілі бір құралдарын ұсыну туралы шешім қабылдады. Казкоммерцбанктің акцияларын Халық Банкі, Самұрық-Қазына қоры мен Рақышев мырза арасында сатып алу-сату мәмілесі тиісті активтердің әділ құнын ескере отырып, нарық қағидаттарында іске асырылатын коммерциялық мәміле болып табылады және объективті экономикалық талаптармен айқындалатын тараптар арасындағы уағдаластықты білдіреді.
-
Мәміледен кейін екі банк салымшылар, кредиторлар мен инвесторлар алдында өз міндеттемелерін орындайтын дербес қаржы институттары ретінде толық көлемде жұмыс істеуін жалғастырады.
Халық банк пен Қакоммецбанк 2017 жылдың бірінші тоқсаны бойынша активтерінің көлемі жағынан еліміздегі 33 банктің арасында бірінші және екінші орынды иеленген.
Халық банкті президент Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы Динара және Тимур Құлыбаевтар "Алмекс" холдингтік тобы" АҚ арқылы басқарады. Бұл холдингке Халық банк акцияларының 63,73% тиесілі.
Ал бизнесмен К.Рақышев тікелей және жанама түрде Қазкоммерцбанктің 71,31% акцияларын басқарады.
Екі банктің де акцияларын Қазақстанның және Лондонның қор биржасында саудаланады. Дегенмен жақында Қазкоммерцбанк Лондон қор биржасындағы депозиттік қолхаттарын өтімділігінің төмендегеніне байланысты листингіден шығармақ болғаны белгілі болды.
KASE-нің мәліметтеріне сенсек, банк капиталы 234,589 млрд теңгені құрайды.