Халық банктің акциялары директорлар кеңесінің дивиденд төлемеу туралы ұсынысынан кейін Қазақстан (KASE) және Лондон (LSE) қор биржасында тағы да арзандай түсті. Бұл туралы LS хабарлайды.
Банктің баға белгіленімі 29 наурыз күнгі LSE-де болған саудада 8,10%-ға, ал KASE-де 3,3%-ға төмендеді.
Лондонда болған сауда кезінде негативті трендтер басқа да акциялар бойынша байқалды. KAZ Minerals-тың баға белгіленімі 6,76%-ға, "ҚазМұнайГаз" Барлау, Өндіру" компаниясының акциялары 4,41%, Kcell-дікі 6,41%-ға кеміді.
Сондай-ақ, отандық саудада KASE-нің өкілдік тізіміне кіретін мекемелердің құнды қағаздары арзандады.
KAZ Minerals қағаздары 4,7%, Kcell 1,1%-ға төмендеді. Қызыл аймақта KEGOC (-0,2%) және "Казақтелеком" (-0,6%) қағаздары қалды. Ал "КазТрансОйл" акцияларына 0,03% қосылды.