Экономика
ХҚКО жаңа қызметті іске қосты
Субсидиялауға өтінімді қазақстандықтар енді ХҚКО арқылы бере алатын болады. Бұл туралы ХҚКО баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы саласында субсидиялауды жеке және заңды тұлғалар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ресімдей алады.Бұрын осы қызметтерді ресімдеу үшін белгілі бір кесте бойынша көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне тікелей жүгіну талап етілсе, енді қазір қызметтер ХҚКО арқылы қолжетімді болып отыр, оның ішіндегі үшеуіне электрондық үкімет порталы арқылы қол жеткізуге болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары субсидиялау бойынша мемлекеттік қызметтерге құжаттарды өздерінің қалыпты кестесі бойынша қабылдайды – аптасына 6 күн, түскі үзіліссіз таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 8-ге дейін.
ХҚКО-лар арқылы субсидиялаудың 8 түрін алуға болады, олардың ішінде – а/ш өндірушілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын; а/ш өнімдерін өңдеуге арналған гербицидтер мен биопрепараттардың құнын; асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды; жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру шығындарының құнын; тұқым шаруашылығын дамытуды; тыңайтқыштардың құнын; ауыл шаруашылық дақылдарын қорғалған топырақта өңдеп өсіру шығындарының құнын, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнiмiнiң шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі әр түрлі – күрделілігіне қарай 6 жұмыс күнінен бастап 41 жұмыс күніне дейін созылады. Қажетті құжаттар туралы электрондық үкімет порталының con.gov.kz ресми сайты және 1414 тегін нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы білуге болады.
Фото: news.caravan.kz