Ауқымы бойынша әлемдегі екінші төлем жүйесі америкалық MasterCard-тың таза пайдасының көлемі І тоқсанда 17%-ға өсті. Бұл өсімге АҚШ-тан тыс клиент шығындарының жоғарылауы себеп.
Компанияның пресс-релизінде жазылғандай, І тосқанда таза пайда $1,02 млрд болды немесе бір акцияға есептегенде 89 цент, ал өткен жылдың осы кезеңінде пайда $870 млн немесе акциясына 73 цент болатын. Түсім 2,7%-ға артып, $2,23 млрд жетті, өткен жылғы көрсеткіш - $2,172 млрд.
FactSet сұрастырған экономистер компания пайдасын орташа есеппен акциясына 80 цент деңгейінде бағалап, түсім $2,284 млрд болады деп болжаған-тын.
Әлем бойынша MasterCard төлем жүйесінің карталарын пайдаланумен жасалған транзакциялардың саны өткен тоқсанда 12%-ға, 11 миллиардқа дейін артты, ал АҚШ долларында есептегенде мұндай транзакциялардың көлемі 12%-ға, $1,1 трлн дейін өсті.
31 наурыздағы жағдай бойынша дүние жүзінде MasterCard және Maestro брендтерімен 2,2 млрд карта шығарылған.
Жыл басынан бері компания капиталдануы 4,7%-ға жоғарылады, ал компанияның басты бәсекелесі Visa Inc. көрсеткіші тек 1,9%-ға өскен.