Экономика
ІІМ қару-жарақ сатуға талапты күшейтеді
Ішкі істер министрлігі мен әділет министрлігі қару дүкендері мен күзет қызметіне қойылатын талаптарды күшейту туралы заңға өзгерістерді қарастырып жатыр. Сонымен қатар, ел азаматтарын тіркеу мен жалған тіркелуді бақылау күшейтіледі. Мұны министр Қалмұханбет Қасымов есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
"Бірінші блок заңнамаға түзетулер көші-қон процестеріне байланысты. Біз қазір осы заң бойынша әділет министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бізде «резеңке пәтерлер» деген ұғым бар. Кейбір пәтерлерге 200-300 азамат тіркелген. Біз еш тіркеусіз тұрып жатқан тұрғындар мен көп адамды тіркеуге алған пәтер қожайындарын (тіркелген кісілердің ол үйде тұрмағаны үшін) жауапқа тартамыз",- дейді Қасымов.
Екінші блоктағы заңнама өзгертулері қару дүкенінің иелерін жаңа талаптар қоятын болады. Қазір елімізде мұндай 123 дүкен бар. "Кейбірі, тіпті, спорт дүкендерінде орналасқан. Спорттық киімдердің жанынан өтісімен қару-жараққа көзіңіз түседі. Әлемдік тәжірибеде мұндай нәрсе жоқ. Біз осындай кемшілік жіберіп алдық. Сондықтан, қару дүкендеріне қойылар талаптар күшейтіледі, қаруға тыйым салынады, сатылымда аңшылық қарулары болмайды", - деді ІІМ басшысы. Сонымен қатар, ІІМ күзет құрылымдарына қойылар талаптар туралы заңнамаға толықтырулар ұсынады.
"Күзет құрылымдары бұрыннан бәсекелестік ортаға айналып кеткен. Күзетпен полиция емес солар айналысады. Біз күзет құрылымдарына қойылатын талаптарды күшейтеміз. Әлемдік тәжірибе бойынша, дүкенде күзет тұруы керек. Ал Ақтөбедегі оқиға кезінде ол сырттан келген. Міне, заңнамадағы мәселенің шешімі осы жерде",- дейді Қалмұханбет Қасымов. Объектілерді техникалық нығайту мәселесіне келгенде, «олар нысандарды жөндеуге қажет қаражатпен қамтамасыз етеді» деп, үкіметке қарата айтты.