ИКАО конференциясында азаматтық авиацияны заңсыз әрекеттерден қорғау бойынша шаралар талқыланды
Алматы. 13 шілде. 7kun.kz - Мәскеуде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) елдер арасындағы тиімді ынтымақтастығы үшін Жаһандық авиациялық қауіпсіздік жоспарының ережелерін іске асыру аясында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция өтті.
Жиынды авиациялық қауіпсіздік қызметіне 45 жыл толған Ресей Федерациясының Федералды әуе көлігі агенттігі ұйымдастырып отыр. Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және арнайы органдардың, ірі авиакомпаниялардың, Ресей Федерациясының кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ТМД елдерінің (Қазақстан, Белоруссия, Тәжікстан және т.б.) авиациялық билік өкілдері қатысты.
Шара барысында Ресей Федерациясы Көлік министрінің орынбасары Николай Захряпин, «Ространснадзор» басшысы Виктор Басаргин және Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының басқа да басшылары сөз сөйледі. Сонымен қатар, конференцияның жұмысы барысында азаматтық авиацияға заңсыз араласу оқиғаларынан қорғайтын техникалық құралдар саласындағы инновациялар мен жаңа технологиялар бойынша көрме ұйымдастырылды.
Қазақстан тарапынан конференцияда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев елімізде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Комитет басшысы азаматтық авиация объектілерін заңсыз араласу мен лаңкестік қауіп-қатерлерден қорғау мәселесінің жыл сайын өзектілігі артып келе жатқанын атап, осы салада көрші мемлекетпен әріптестіктің маңыздылығына тоқталды. Өйткені, Қазақстаннан жасалатын халықаралық рейстердің көпшілігі Ресей қалаларымен жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда Ресей авиациялық қауіпсіздік қызметі заманауи тәсілдерді қолданады және оның жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Келесі жылы Ресейдің авиациялық қауіпсіздік жүйесі ИКАО тарапынан тексерілетін болады. Ал Қазақстан осы аудитті 2017 жылы өткізіп, авиациялық қауіпсіздік деңгейін 83% -ға жеткізді. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 21% -ға жақсарды.