Бүгін Алматы облысына қарасты Іле ауданы орталығы Өтеген батыр кентінде 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспана кезегінде тұрғандарға арналған «5-10-20» бағдарламасы аясында жүзеге асты.
Тұңғыш президент күніне орай көпбалалы аналар, бюджеттік мекемелерде еңбек ететін мамандар үйлі болды. Салтанатты жиында аудан әкімі Бағдат Қарасаев пәтер иелеріне кілтін табыстап, жаңа қоныстарымен құттықтады. Сондай-ақ жаңа пәтер иесі атанған көпбалалы Әубәкіровтар отбасынаның үйіне кіріп, сый-сияпат жасады.
«Баршаңызды келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен және жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын! Отбасыларыңыздан береке-бірлік кетпей жаңа үйлеріңіздің іші ырысқа толы болсын! Жеке баспана әркімнің шағын мемлекеті. Ал, баспаналы болу кім үшін болса да үлкен қуаныш. Қуаныштарыңыз жақсылыққа ұласа берсін! Егеменді еліміздің іргесі аман, аспанымыз ашық болсын!», – деді әкім Бағдат Қарасаев өз құттықтауында.
Үйдің құрылысын жүргізген «Агроспецстрой» ЖШС. Үй барлық талаптарға сай сапалы салынған. Аудан әкімі салтанатты жиында серіктестіктің басшысы Уәлихан Жұмабаевқа алғыс айтып, жұмысына табыс тіледі.
Сондай-ақ, биылғы жылы Алматы іргесіндегі Боралдай кентінде бюджет қаражатына инженерлік желілер тартылып, жеке кәсіпкерлер есебінен 130 пәтерлік 3 тұрғын үйлер пайдалануға беріледі.
Іле ауданында қоныс тойлар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Тұрғын үй кезегін азайту мақсатында, Өтеген батыр ауылында тағы да 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан басқа 72 пәтерлі үш үй мен 100 үйден тұратын коттедж қалашығын салу жоспары бар.
Мемлекет басшысының тапсрымасымен қолға алынған «50-10-20» бағдарламасы адамдарға өте ыңғайлы. Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінен жеке шот ашып, пәтердің жалпы құнының 10 пайызын жинасаңыз, 20 жылға дейін 5 пайыздық жеңілдікпен несие алып, баспана сатып алуға болады. Бағдарламаны “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” аясында біріншіден, үй кезегінде тұрғандар ілінеді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандары. Үшіншіден, толық емес отбасылар, көп балалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандардар пайдалана алады.