Экономика
Экономика1
Импорттық сүт өнімдеріне қарағанда, қазақстандық сүт өндірушілердің тауарларына сұраныс артады
Теңгенің еркін бағамы қазақстандық сүт өндірушілерге оң әсер етеді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстанның ет-сүт одағының атқарушы директоры Сансызбай Өмірбеков осылай мәлім етті.
«Теңгенің еркін бағамы еш қоспасыз таза сүт өндірушілерге көмектесетініне сенімдімін. Яғни біз Ресей бағасымен біршама теңеліп, импорт енді соншалықты арзан болмайды. Негізінен бізге таза сүт жеткізілмеген еді. Атап айтқанда, елімізге ұнтақ күйінде жеткізіп, осында оны өңдеп, қалалардың сауда орындарына ұсынып отырды», - деді ол.
С.Өмірбековтың сөзіне қарағанда, соңғы кездері қазақстандық сүт шаруашылықтары қиын жағдайға тап болды. 2014 жылы сүттің сатып алу бағасы 115 теңге болса, ресейлік рубльдің бағамы төмендегеннен кейін сүт бағасы 70 теңгеге дейін арзандады, яғни 40 пайызға жуық төмендеді. Сонымен бірге ұнтақтан қайта өңделген сүттің литрінің бағасы сүт зауыттарына 50-60 теңгеден тиесілі болды.
Осы орайда ол арзан импорттық сүттердің нарыққа келуі нәтижесінде 1000-1200 сиыры бар сүт шаруашылықтарының шығыны күніне миллион теңгеге дейін жеткендігін атап өтті. Көптеген кәсіпорындар тек несилерін төлеуге ғана шамасы жеткендіктен, шаруашылықтарын кеңейте алмай жүріп қалды.
ҚазАқпарат