Қазақстан Ұлттық Банкі шығарған бағалы қағаздар (ноттар) тәуекелсіз қаржы құралдарын білдіреді. Олар бойынша инвестициялардың қайтарымдылығына Ұлттық Банк кепілдік береді. Бұл қаражаттың қайтарылуы тұрғысынан алғанда клиент үшін тәуекелдердің жоқ екенін білдіреді.
Ноттарды сатып алушыларға арналған барлық операциялар транзакциялардың сомасы мен санына қарамастан мүлдем тегін. Ұлттық Банктің бағалы қағаздарына аздаған ақша сомасы (100 теңге деңгейінде) болған кезде, қандай да бір комиссиялар мен салықтарсыз инвестициялауға болады. Бұл ретте, жүйе пайдаланушылары, қажеттілік туындаған жағдайда, кепілдік берілген кірісті ала отырып және есептелген пайыздарды сақтай отырып бұрын сатып алынған ноттарды кері сату арқылы кез келген уақытта өзінің ақшасын жеңіл, тез және комиссияларсыз төлем карточкасына аудара алады.
Бүгінде Қазақстан халқы 130 миллион теңге сомаға 1,4 миллион нот сатып алды. Бұл ретте сатып алынатын ноттар саны тұрақты түрде өсіп отыр.
Ұсынылып отырған инновациялық шешімнің интерфейсі түсінікті әрі ыңғайлы. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін жүйеде тіркелудің үш тәсілі ұсынылады:
- Халыққа қызмет көрсету орталықтарында алынған электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы;
- «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тағы жеке кабинет арқылы авторизациялау жолымен;
- «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ есепке алу жүйесінде ашылған қосалқы шот (егер мұндай шотты жүйенің пайдаланушысы бағалы қағаздармен операциялар үшін ашқан болса) нөмірі бойынша.