Бүгінгі басты түйткіл – баспаналы болу. Ауылдан қалаға келушілер көбейген сайын баспанасыздардың саны артуда. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асып та жатыр. Соның ту басында «Нұрлы жер», «Қолжетімді баспана-2010» бағдарламасы тұрса, жақында ғана Елбасының ұйытқы болуымен «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды.
Әрине, бұл бағдарламалар ипотека бойынша баспаналы болуға мүмкіндік береді. Бұған дейін «Қолжетімді – 2020 бағдарламасы екі бағытта жүргізілді. Біріншісі – тек жас отбасыларға арналған. Яғни 29 жасқа толмаған, тұрмыс құрғанына 2 жыл болған, баспанасы жоқ және тұрғылықты тіркеуі бар жанұялар да пәтерге кезек бойынша қол жеткізеді. Ал екіншісіне – азаматтардың барлығы қатыса алады. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының нәтижесінде 77 мың отбасы өз шаңырағының кілтіне ие болса, оның 9,5 мыңға жуығы мемлекет қаржысына салынған баспананы алды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, осы жылдың 9 айында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 8,8 миллион шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілген. Бұл 2017 жылғы ұқсас кезеңдегіден 11,6 пайызға көп. Жалпы алғанда, 2018 жылы Қазақстан бойынша кем дегенде 12,1 миллион шаршы метр жаңа баспана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның тек 1,3 млн шаршы метріне немесе 22 мың пәтерге мемлекет қаржысы шығындалады.
Елбасы Н.Назарбаевтың бес бастамасының бірі – баспаналы болуға арналды. «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысымен бекітілді. «7-20-25» бағдарламасының негізгі мақсаты халықтың көптеген сегменттері үшін қол жетімді тұрғын үй ипотекасын құру болып табылады. Бағдарлама мемлекет басшының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді және келесі талаптар бойынша ипотекалық тұрғын үй кредиттеуді көздейді: жылдық сияқы мөлшерлеме – 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін. Ипотекалық кредиттерді бекітудегі негізгі факторлар төлем қабілеттілігі мен тұрақты табысы болып табылады. Қазіргі уақытта банктік ұйымдар қосымша критерийлерді өңдейді. Критерийлерді одан әрі қатаңдату жоққа шығарылмайды. Бұл тұрғын үй сатып алуды қажет ететін адамдарға (табысы аз, тұрмысы нашар отбасылар, жас отбасылар және т.б.) азаматтар кепілдікке ие болуы үшін қажет. Үшінші пәтерді талап ететін табыс деңгейі жоғары азаматтар артықшылықты бағдарламаны пайдалана алмайды. «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады. Қазақстан халқына үстіміздегі жылдың аяғына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ.
[su_pullquote]«7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады.[/su_pullquote]
Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек.
Айтпақшы, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға бірқатар серіктес банктер де кірісіп кетті. Олар Еуразиялық банк, АТФ Банкі, Халық банкі, Цеснабанк, Тұрғын үй құрылысы банкі, Банк ЦентрКредит, RBK Bank. «7-20-25» бағдарламасынан айырмашылығы, тұрғын үйді таңдау кезінде бұрын пайдаланылған пәтерді сатып алуға болады, баспананың бар-жоғы ескерілмейді, бірақ бұл ипотека қымбатырақ – пайыздық көрсеткіш Ұлттық банктің базалық ставкасына да байланысты болады.
Қазіргі таңда номиналды түрдегі сыйақы 11 пайызды көрсетіп отыр. Бірақ банктерге «Баспана Хит» ипотекасына комиссия белгілеуге рұқсат берілген жағдайда жылдық тиімді мөлшерлеме 11 пайыздан жоғары болатыны сөзсіз. Қазақстандық екінші деңгейлі банктердің бірі қазірдің өзінде өтініш қабылдауды бастады, онда пайыздық мөлшерлеме 11,9 құрайды. Тағы бір банк кредиттеуге 1 қарашадан кірісті.
Бағдарлама ресми табысы бар 23-60 жас аралығындағы қарыз алушыларға бағытталған. Алдын-ала төлем 20 пайыздан кем болмауы тиіс, ал мерзімі 15 жылдан аспауы керек. Мерзімінен бұрын өтеуге болады. «7-20-25» бағдарламасы секілді тұрғын үйдің максималды құны шектеулі. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау үшін лимит 25 миллион теңге, өңірлер үшін – 15 миллион.
Мәселен, банктердің де жеке ипотекалық бағдарламасы бар. Мәселен, «Банк ЦентркКредиттің» «Жаңа баспана» ипотекасы, «Люкс» иотекалық бағдарламасы бар. Бұлар да 15-20 жылға берілгенмен, пайыздық мөлшері жоғары. Бүгінде тұрғын үй нарығында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» көш бастап тұр. Бүгінде осы банк ұсынға бағдарламалары арқылы қаншама отбасы үйлі болды. Жыл басынан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің көмегімен 26 000 азамат баспаналы болған, оның 19 450-і үйді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңдайы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында заем ресімдеген. Баспанамен қамтамасыз етуге қатысты бұл деректер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша соңғы үш жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Осыдан 6-7 жыл бұрын ипотека бойынша пәтер беретін компаниялар көп емес-тін. Соның бірі – Қазақстан ипотекалық компаниясы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясында жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы бойынша жұмыс істеді. «Сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана» бағытының операторы өңір әкімдіктерімен және Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттікпен бірлесіп, жалға берілетін үйлер салынатын жер телімдерін анықтау және еншілес компаниялар құру жөніндегі жұмыстарды атқарған еді. Құрылысы аяқталған баспана Бірыңғай төлем жүйесінің аясында бөлінеді және осы жүйенің аясында жалға беру келісімшарттары жасалады. Компания басшылығы соңғы жылдары еліміздің ипотекалық нарығы оң динамика көрсеткеніне орай, ипотекалық несиелендірудің шарттары қазіргіден де жұмсарады және нарықты дамытуда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары үлкен рөл атқаратынын айтқан болатын.
Таяуда Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) «Орда» ипотекалық несие бағдарламасын іске қосты. Бұл халықтың белгілі бір топтарына бағытталған мемлекеттік бағдарлама емес, яғни нарықтық бағдарлама. Дәлірегінде, Қазақстан қор биржасының облигациялық бағдарламасы есебінен 5 миллиард теңге алған компания банктер мен сақтандыру компаниялары арқылы әрекет етпек.
Төлем қабілеттілігі толық расталған жағдайда қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 12%-ды, табысты ішінара растаған кезде жылдық 14%-ды құрайды. Өтінімнің ең көп сомасы 40 млн теңге, ең азы – 1 млн теңге. Қарыз 20 жылға дейін беріледі. Бұл ипотека Қазақстанның 16 қаласында қолжетімді болады.
Қазақстан бойынша 450 мың адам баспана алу үшін әкімдік кезегінде тұр. Бұл туралы ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мамандары: «Әкімдіктерде 450 мың адам, ал 10 соттыққа 1 миллион 300 мың адам кезекте тұр. Мемлекет көптеп құрылыс салуды бастады және кезек те көбейді. Олардың 450 мыңы, яғни 25-30%-ы тұрақты табысы барлар, 25-30%-ы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары. Тұрғын-үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы салымшылар саны қазір миллион адамды құрайды. Бағдарлама басталды, жұмыс істеп жатыр және халық қызығып отыр», дегенді айтады.
Қалай десек те соңғы жылдары Президенттің баса назар аударуымен бірқатар бағдарлама іске қосылып, баспанаға қол жеткізгендер көбейді. Бұл ретте жеңілдетілген ипотеканың көмегі көп. Талап азайып, пайыздары төмендеп келеді. Әрі халық арасында түсіндіру жұмыстары көбейген. Құжат үшін бұрынғыдай кезек күтпейсіз. Ақпарат пен құжатты онлайн тапсырсаңыз да болады. «7-20-15» соның айғағы. Нәтижесінде бүгінгі ипотека бұрынғыдай сұрағы көп, түсініксіз өнімнен қолжетімді, ыңғайлы құралға айнала бастаған сыңайлы.