Мұнай өндіруші елдердің мұнай өндірісін қалыпты деңгейде ұстауға арналған бастамасын Иран да қолдады. Бұл туралы мемлекеттің мұнай министрі Бижан Намдар Зангане Тегеранда өткен Венесуэла, Ирак және Катар елдерімен болған келіссөздер соңында мәлімдеді. Кездесуде 2016 жылғы өндірісті қаңтар айының деңгейінде қалыпты ұстап тұру туралы талқыланды , деп жазады Lenta.ru.
Шенеуніктің мәлімдеуінше, мемлекет басқа да шешімдерді күтіп отыр. "Бұл алғашқы қадам болғанымен соңғысы болмауы тиіс. Мұнай нарығындағы жағдайды жақсарту үшін жасалған осы қадам ОПЕК елдері мен басқа да өндірушілер арасындағы ынтымақтастықтың бастамасы болуы мүмкін", - деп атап өтті Б.Зангане.
Бұған дейін Иран Ислам Республикасының ОПЕК-гі өкілетті елшісі Мехди Асали мұнай бағасын төмендеуден сақтап қалу үшін Иран өз мұнай өндірісін қалыпты сақтауды жөн деп санамайтынын мәлімдеген. Айта кетейік, Иранға санкциялар қойылған кезде, басқа өндірушілер көмірсутек өндіру көлемін ұлғайтқан еді.
Еске салайық, Катар елінің астанасы Доха қаласында ОПЕК елдері - Сауд Арабиясы, Катар,Венесуэла өкілдері және Ресей Федерациясының Энергетика министрі Александр Новактың кездесуінде 2016 жылғы мұнай өндірісінің орташа көлемін қаңтар айының деңгейінде сақтауға дайын екендіктерін хабарлады.