Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ішкі істер министрлігі: журналистердің қамауға алынуы түсініспеушілік болды

Ішкі істер министрлігі: журналистердің қамауға алынуы түсініспеушілік болды
ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеxа Астанада «Бәйтерек» монументі маңында ұсталған журналистерге қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. «Өкінішке қарай, олардың ішінде (Астанада ұсталғандардың арасында-ред.) журналистер де болды, бірақ ол біздің тарапымыздан әдейі істелген жоқ деп есептеймін. Ол жерде түсініспеушілік туды деп ойлаймын. Алдағы уақытта біз осындай келеңсіздіктер болмас үшін қызметкерлеріміздің қадамдарын саралайтын боламыз», - деді комитет басшысы. Оның айтуынша, Астанада бір топ азамат заңсыз митинг ұйымдастырмақ болған. Олардың ішінде кәсіби қызметтерін атқарып жүрген жергілікті тілшілер де болған. Полиция қызметкерлері олардың барлығын тұлғаларын анықтау үшін ұстаған. Кейін тілшілер тез арада босатылған. Журналистердің тез арада босауына жақында тағайындалған ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың жедел әрекет етуі әсерін тигізген болуы мүмкін. «Жаңа комиссия отырысы барысында сіздердің әріптестеріңіз ұсталғандығы туралы хабардар болдым, осы ретте ҚР Ішкі істер министрімен (Қалмұханбет Қасымов - агенттік) байланысқа шықтым. Қазіргі кезде барша жағдайды анықтау жүріп жатыр. Оларды не үшін ұстағандығын тексереміз. Министр мүмкіндігінше тілшілердің тез арада босатылатынына сендірді», - деген Д. Абаевтың сөзін БАҚ таратқан еді. Ол сондай-ақ, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі журналистерді қолдайтынын, жалпы, тілшілердің кәсіби қызметтерін атқарудағы жұмыстарына қолдау жасалатынын атап өткен. Оның бұл сөзі журналистер арасында қолдауға ие болды. "Өз министріміздің болғаны қандай жақсы деп жазды" журналистердің бірі әлеуметтік желіге.  

Похожие материалы