Исландия ресми түрде ЕуроОдаққа кіруден бас тартты, бұған ЕО-ның балық аулауға қатысты саясаты себеп. Бұл туралы Исландияның сыртқы істер министрі Гуннар Браги Свенсон мәлімдеді. Ол ЕО Кеңесінің төрағасы қызметін атқарушы Латвия сыртқы істер министрлігінің басшысы Эдгар Ринкевичке Рейкьявиктің келіссөздерден бас тартатындығы жөнінде ресми хат тапсырды.
"Осы арқылы Исландия үкіметі ЕуроОдаққа қосылуға үміткер-мемлекет емес екендігін білдіреді және алдағы уақытта ЕО-дан осы шешімге байланысты әрекет етуді сұрайды", -делінген хабарламада.
Свенсон кездесу кезінде ЕуроОдақ алдындағы міндеттерін кері шегеретіндігін де атап өте отырып, болашақта Рейкьявикпен Брюссель арасындағы серіктестікті жалғастыра беретіндігіне сенім білдірді.
Өз кезегінде, Ринкевич исландиялық үкіметтің шешімін құрметтейтіндігін, ЕО мен Исландия арасындағы "позитивті және тығыз" байланысты қолдайтындығын мәлімдеді.
Исландия 2009 жылы ауыр экономикалық жағдайда қалғаннан кейін ЕуроОдаққа қосылу туралы ұсыныс білдірген еді. Сол кездегі үкімет одаққа қосылу арқылы елдегі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады деген пікір білдірді.
Келіссөздер 2010 жылдан басталды, бірақ 2013 жылы Исландияның Тәуелсіздік партиясы мен Прогрессивті партиядан құрылған жаңа үкіметі Брюссельмен кездесулерді тоқтатып, сұрақты халықтық референдумге шығару туралы шешім қабылдады. ЕО пен Исландия арасындағы қарым-қатынастың жағымсыз жаққа бұрылуына ЕО-тың балық аулау үлесіне қатысты саясаты себеп болған еді.
2014 жылдың ақпанында Исландия парламенті сыртқы істер министрі Гуннара Браги Свенсонның ЕуроОдаққа қосылудан бас тарту жөніндегі ұсынысын қолдап, еуроинтеграция жөнінде референдум өткізбеу туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін Рейкьявикте еуроинтеграциядан бас тартуға қарсы наразылық ациясы өтіп, 3,5 мыңға жуық адам қатысты.
2015 жылы Исландия премьер-министрі Сигмундур Давид Гуннлаугсон жақын арада ЕО-қа қосылудан бас тарту туралы шешім қабылдайтындығын хабарлады.