Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әйелдерге арналған 7 кәсіп

Әйелдерге арналған 7 кәсіп

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Керімқұлқызы бір сөзінде: «Қазір қазақстандық бизнес келбетінің 50 пайызы әйелдерден тұрады. Бұл көрсеткіш 1,5 жыл бұрын 31 пайыз еді» деген болатын. Демек, соңғы уақытта еліміздегі кәсіпкер әйелдердің үлесі артып келеді. Мереке қарсаңында 7күн оқырмандар назарына әйелдерге арналған бизнес идеяларды ұсынады.

Асхана ісі

Табысты асхана ашу үшін ең алдымен мәзірге қандай тағамдарды енгізетініңізді шешіп алыңыз. Таңдау көп болса да, адамдар дәмді тағам дайындайтын орындарды таңдайды. Мәзірге бірінші кезекте үйде жасалатын тағамдарды жазғаныңыз мақұл. Одан кейін бірте-бірте ұлттық тағамдарды енгізе бересіз.

Бұл жерде мынадай бір тәсілді пайдалануға болады. Әр үстелге клиенттердің пікірін білуге арналған анкеталар қоясыз. Онда клиентіңіздің тағамға көңілі толды ма, менюге басқа қандай ас қосуға болады, асхана қызметін қалай жақсартсақ деген сарында сұрақтар болуы тиіс. Осылайша, клиенттеріңіздің тілегі мен өз репутацияңызды біле аласыз.

Бастысы – тағам дайындауға арналған құрал-жабдықтың да сапалысын таңдау керек. Бұл ингредиенттерге де қатысты. Өнімдер балғын әрі табиғи болуы тиіс.

Екінші маңызды жайт – асхананың орналасқан жері. Негізінде асханаға орта тап өкілдері келеді. Орынды белгілі-бір мекеменің немесе бизнес орталығының жанынан жалға алу керек. Бұл клиенттердің ағылып келуіне себеп болады.

Үлкен асхана ашудың шығыны көп. Ең дұрысы – шағын, тағамды дәмді әрі тез дайындайтын асхана. Алдын ала қанша адам келуі мүмкін екенін есептеу керек. Және бір қаладан осындай бірнеше асхана ашқан тиімді.

Қызметкерлерден сізге аспаз, оның көмекшілері мен ыдыс жуушы қажет. Асхананы әр түрлі иістер мен шаң-тозаңнан таза ұстау өте маңызды. Егер клиентіңіздің көңілі тоқ болса, ол сізге қайта келеді, әрі дос-жарандарына да сізді жарнамалайды.

Кофе бизнесі

Тамақ саласына қатысы бар тағы бір бизнес – кофе. Мұнда кофехана ашу міндетті емес. Мысалы, өзімен бірге алып кетуге болатын кофе қазір сұранысқа ие. Мегаполистерде кеңседе қызмет ететіндердің көпшілігі күніне бір рет болса да кофе ішеді: іскерлік кездесуде, таңғы астың орнына. Бұл жерде де бизнестің орналасатын орны мен кофені жақсылап таңдау қажет. Одан кейін кофе-машина мен суға арналған фильтр сатып алумен айналысасыз. Клиенттерге қосымша өзіңіз дайындаған түрлі тәттілер мен тоқаштарды ұсынуға болады.

Сұлулық сервистері

Қазіргі таңда make-up шеберлігін, кірпік, тырнақ, шаш сәндеуді үйрететін курстар көп. Егер сіздің осы айтылған сервистерге икеміңіз болса, онда үйде отырып та өз бизнесіңізді аша аласыз. Мысалы, визажист маманы клиенттерді үйге шақырып та қызмет көрсете алады. Ғимаратты жалға алмағандықтан, қызмет ақысы да арзан болады. Шеберге арнайы құрал-саймандар мен арнайы орын қажет.

Мұндай қызмет түрлерін жарнамалау үшін интернетті пайдаланған ыңғайлы. Себебі бұл қызмет түрін пайдаланатын аудитория шеберді көбіне интернет арқылы  іздейді.

Сондықтан егер осы бизнеспен шұғылданғыңыз келсе, алдымен әлеуметтік желілерде бизнесіңізге арналған парақшаларды ашқаныңыз жөн.

SMM-мен өзіңіз айналысуыңызға да болады. Алғашында түрлі акциялар ұйымдастырып клиент жинайсыз. Қазақстанда осындай жолмен табыс тауып отырған әйел азаматтар жетерлік. Олар сұлулық салондарымен бәсекелесе алатындай жағдайға жетті.

Гүл сату

Тамақ өндірісі мен сұлулық саласынан бөлек әйел адамға гүл сатумен айналысқан ыңғайлы. Бұл жерде бастапқы капиталға әркімнің де шамасы келмеуі мүмкін.

Бірақ мықты гүл өсіруші мен өтімді орынды таба алсаңыз, капиталды тез-ақ ақтап алуға болады. Нарықта қалай ерекшеленемін дейтіндерге, арнайы трафареттермен гүл жапырақтарына құттықтаулар мен ғашықтардың сезімін білдіретін сөздерін жазуға болады.

Мереке кездері бұл бизнестің табысы молая түседі. Әсіресе, 8 наурыз бен ғашықтар күні гүл сатушылардың «сүйікті» мерекесі.

Тігін шеберханасы

Тігін шеберханасын ашу үшін осы сала туралы аз да болса хабарыңыз болуы қажет. Себебі сізге қандай құрал-жабдық қажет екенін білу, өндіріс көлеміне сай қанша тігінші жалдауға болатынын анықтау маңызды. Бұл қызмет түрі – көп сұранысқа ие. Сондықтан бәсекелестік жоғары.

Ең біріншіден сізге қарапайым болса да, барлық ұсақ-түйегі есептелген бизнес-жоспар қажет.

Қазақстанда ательерлер мен киім жөндеу шеберханалары көбіне мынадай қызмет түрлерін ұсынады: киімді адам бітіміне сай жөндеу, тері немесе басқа материалдардан сырт киімдерді пішу және тігу. Ателье орналасатын жер де маңызды.

Ғимарат таңдағанда, тапсырыс алатын орын мен шеберхананың бір жерде немесе бөлек орналасатынын шешіп алған жөн. Бастысы тапсырыс қабылдайтын орын адамдар көп шоғырланған аймақта болуы тиіс.

Цехқа жұмыс тәжірибесі мол шеберлерді алған мақұл, ал тапсырыс қабылдаушы өлшемдерді дұрыс ала алатындай болуы қажет. Жұмысшылармен келісімшартқа отырғанда мұқият болыңыз, оларға клиенттердің тігіске қымбат материалдарды алып келуі мүмкін екендігін ескертіңіз.

Балабақша ашу

Мемлекеттік балабақшаның жетіспеуі көптеген әйелдердің өз мамандығын тастап, осы салада бизнес бастауына себеп болды. Бұл бизнестің жауапкершілігі жоғары, сәйкесінше сұраныс та мол. Қазақстандағы көптеген әйелдер бала күтімі демалысында отырып шағын балабақша ашып, оны ары қарай дамытқан кәсіпкерлер. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан да бұл бизнеске қолдау қаржылай қолдау көрсететін «Балапан» бағдарламасы жұмыс жасайды. Қосымша тіл үйрету, баланың психологиялық дамуында жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану, күнделікті тағам құрамына түрлі дәрумендерден тұратын коктейльдерді қосу — бизнесіңіздің репутациясына жағымды әсер етеді.

Қандай бизнес бастағанда да ең бастысы — сауаттылық. Артық мамандарға шығынданып қалмас үшін өзге қалалардағы кәсіпкерлердің шеберлік курстарына қатысып, біліміңізді үнемі жетілдіріп отыруыңыз қажет. Әйелдердің бизнестегі жетістігін кейбіреулер ұқыптылығынан деп ұқса, енді бірі балалары үшін тәуекелге барып отырған әйел әр қадамын аңдап басады дейді. Қазіргі әйел келбеті тек үй шаруасымен ғана емес кәсіпкерлікпен де айқындала түсетіні анық.

 

Похожие материалы