Энергетика министрлігі Трамптың сауда шектеулері жөніндегі шешіміне түсініктеме берді
Алматы. 17 шілде. 7kun.kz — Қазақстанның Энергетика министрлігінде АҚШ президенті Дональд Трамптың уран импорты бойынша сауда шектеулерін енгізуден бас тарту туралы шешімін қолдады. Бұл туралы ведомство хабарламасында айтылған.
"Қазақстан мен АҚШ-ның энергетикалық сектордағы ынтымақтастығының ұзақ әрі табысты тарихы бар, ол тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Оның аясында ядролық қауіпсіздік, атом өнеркәсібі, мұнай және газ, жаңартылатын энергия көздерін және электр энергетикасын дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланады", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Энергетика министрлігінде Қазақстан атом өнеркәсібіндегі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және таратпау режимін нығайтуға зор мән беретінін айтты. Қолданыстағы екіжақты комиссиялардың, іс-шаралар мен жеке кездесулердің шеңберінде Энергетика, Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктері ҚР ұлттық мүдделерін қорғау және уран импорты бойынша санкциялардың қолданылуын болдырмау бойынша жұмыстар жүргізді.
Айта кетейік, Қазақстаннан АҚШ-на табиғи уран экспорты 2015 жылы 1153,5 тоннаны, 2016 жылы 1813 тоннаны құрады. 2017 жылы – 948 тонна, бұл экспорттың жалпы көлемінің 4,1% - ын құрайды (23 258 тонна), 2018 жылы - 399,8 тонна, экспорттың жалпы көлемінің 1,95%-ын құрайды (20 452 тонна).
Бұған дейін Қазатомөнеркәсіп басшысы Ғалымжан Пирматов Трамптың уран импорты бойынша сауда шектеулерін енгізуден бас тарту туралы шешімін құптады.
"АҚШ-да атом электр станцияларын пайдаланатын кейбір энергетикалық кәсіпорындар арзан табиғи газбен және жаңартылатын энергия көздерімен бәсекелесу проблемаларына тап болып отыр. Ядролық отын құнының өсуіне алып келетін тарифтер мен квоталарды енгізу күрделі жағдайды да нашарлатар еді", – деп атап өтті Пирматов.
"Фридом Финанс" инвестициялық компаниясы сарапшыларының пікірінше, АҚШ-ның уран импортын шектемейтін шешімі уран бағасын қалпына келтіруді ынталандырады және нарықтық белгісіздікті алып тастайды, бұл Қазатомөнеркәсіптің баға белгіленіміне оң әсер етуі мүмкін.
Еске сала кетейік, 12 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп уранның ішкі өндірісіне квота белгілеуден және оның импортын шектеуден бас тартты.