Алматы. 22 қараша. 7kun.kz – Халықаралық коммуникацияны дамыту бағдарламасының Үкіметаралық кеңесінің баяндамасына сәйкес журналистика әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі болып қала береді, - деп хабарлайды ТАСС.
Ұсынылған құжатқа сәйкес, 2016-2017 жылдары әлемде 182 журналист кәсіби міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Осы екі жылда БАҚ өкілдеріне жасалған шабуылдардың басым бөлігі Азия-Тынық мұхиты аймағында тіркелді, онда 54 репортер қаза тапты. Екінші орында - Таяу Шығыс (50) және Латын Америкасы (50). Африкада 13 репортер өлтірілді, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада - 11, Орталық және Шығыс Еуропада - 4.
Халықаралық бағдарлама басшылығын қаза тапқандардың арасында әйелдер санының артуы алаңдатады. Өткен жылы 11 журналист қаза болғанда, бұл үлес 14%-ды құрады, 2012 жылы бұл көрсеткіш 4% болды.
Журналистер қауымдастығының дабыл қағуына тағы бір себеп, өткен жылы алғаш рет журналистердің көпшілігі (55%) қарулы қақтығыстармен қамтылмаған елдердің аумағында өлтірілгені болып отыр. Бұрын мұндай қылмыстардың көбі қарулы қақтығыстар аймағында жасалған.
Баяндаманың авторлары атап өткендей, қылмыстың жазасыздығы да маңызды мәселе болып қала береді. Журналистерге қарсы қылмыс туралы ақпаратты жинау механизмі құрылғаннан кейінгі он жыл ішінде БАҚ қызметкерлерінің қайтыс болуының тек 11%-ы ғана түпкілікті тергелді.
Халықаралық коммуникацияны дамыту бағдарламасы 1980 жылы құрылды. Бұл ЮНЕСКО-ның мамандандырылған бағдарламасы және бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауды үйлестіру үшін БҰҰ жүйесіндегі жетекші көпжақты форум болып қала береді. ХКДБ 40 жыл бойы 140 елде баспасөзге қолдау көрсетуге арналған 2000 жобаға демеушілік жасады. Осы мақсатқа 100 миллионнан астам АҚШ доллары бөлінді.