«KADEX-2016» көрмесінде зымыран-артиллериялық кораблін жеткізу туралы келісім жасалды
Астана. 3 маусым. 7kun.kz - ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаровтың қатысуымен Қазақстанның Әскери-теңіз күштері үшін «Abeking&Rasmussen» неміс компаниясының зымыран-артиллериялық кораблін жеткізіп беру туралы меморандумға қол қойылды.
«Әскери-теңіз күштері соққы корабльге қарсы зымыран кешені бар заманауи зымыран корабльдерінің мониторингін жүргізеді. Оның барысында неміс компанияларының бірі аумағымызда аталмыш корабльдердің өндірілуін ұйымдастыруға ниет танытты. Бұл мәселелер бойынша корабльдердің техникалық ерекшелігі мен корабльдің белгілі бір бейнесі келісілді. Бүгінде осы көрме барысында біз ниет хаттамасына қол қойып жатырмыз. Және де компанияда аталған жоба бойынша әрі қарай пысықтауға арналған негіз болады», - деп ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысы вице-адмирал Жандарбеков Жанзақов атап өтті.
Неміс компаниясы Қазақстанмен әрі қарай ынтымақтастық жасауға мүдделі және аумағымызда ірі кеме құрастыру кәсіпорнын құруға ниет білдірді.
«Біз Қазақстанның Қарулы Күштерімен ынтымақтастықта болуға, кеме құрастыру кәсіпорнының құрылуына қолдау білдіруге дайынбыз. Мақсатымыз – Қазақстанның аумағында әлемдік деңгейде бәсекелес бола алатындай және сапалы өндіріске ықпал ететіндей кеме құрастыру бойынша заманауи кәсіпорын құру болып табылады», - деді неміс компаниясының директоры Том Хаки.
«KADEX-2016» көрмесінің бірінші күнінің қорытындысы бойынша көрменің маңызды құрамдас бөлігі іскерлік бағдарлама болғанын естеріңізге сала кетейік. Оның барысында шет елдерінің қорғаныс ведомстволарымен шарттарға қол қойылды. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Украина және Беларусьпен 3 маңызды келісімшарт жасасты. Қазақстандық «Казтехнологиялар» компаниясы патрон зауытының болашақ өнімін жеткізіп беру жөнінде БАӘ, Ұлыбритания және Болгариямен 3 меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері үшін зымыран-артиллериялық корабльді сатып алу жөнінде «Диарсан» түрік компаниясымен меморандумға қол қойылды.