Қазақстан қор биржасының басқарма директоры Алина Алдамберген зейнетақы қорындағы дауға қатысты пікір білдірді. «БЖЗҚ «Бузгул аурумның» облигацияларын өз қаражатына сатып алғанын күдікті деп айта алмаймыз. Бұл біздің құзыретімізге жатпайды», - деді ол журналистермен болған кездесуде.
«Бузгул аурум» компаниясы листингтен өтіп, биржада өз облигацияларын орналастырды. Шындығында, тіпті, оны кімнің сатып алғанын да тексермейміз. Біз тек сауданы ұйымдастырушымыз. БЖЗҚ басқармасының шешімі қалай қабылданды, ол дұрыс болды ма, әлде бұрыс па - бұл келесі сұрақ», - дейді Қазақстандық қор биржасының төрағасы.
Оның айтуынша, биржа компанияларға мониторинг жүргізіп отыратын арнайы институт құруды талқылап жатыр. «Нарықта кейбір қазақстандық компаниялардың тәуекелі жоғары. Біз брокерлер қауымдастығымен бірге рейтинг агенттіктерін дамыту жолдарын қарастырып жатырмыз. Акциялар мен облигацияларды орналастыру барысында сараптамалық материалдарды да жариялаған жөн. Инвесторлар үшінші жақтың да пікірін біліп отыруы қажет. Яғни, қағаздарды жариялап отырған брокер ғана емес, басқа тараптағы қаржы кеңесшілері де эмитент және құнды қағаздар туралы өз ойларымен бөлісетін болады», - деді биржа басшысы.
KASE-тің барлық компанияларға қор нарығына шығуға бірдей мүмкіндік беретіндігін, ал бір эмитенттің қаншалықты қауіпті екендігін әр инвестор өзі шешетіндігін де атап өтті. БЖЗҚ-ны да осы жүйе бойынша жүрген деп айтуға болады.
«Бузгул Аурум» нашар компания деуге келмейді. Оның жағдайын алып қарайтын болсақ, бұл компанияның қор көлемі үлкен, сондықтан да компания коммерциялық саудаға шықты. Яғни, «Бузгул Аурумның» потенциалы жоқ деуге келмейді, төлемге байланысты ешқандай міндеттемелерді бұзған жоқ. Тек БЖЗҚ басшылығы қаншалықты дұрыс шешім қабылдады және ол бөлген қаражатты компания акционерлері қалай жұмсай алды деген сауал қойған жөн», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда Ұлттық банктің БЖЗҚ-ның үстінен жазған арызына байланысты құқық қорғаушы органдар қылмыстық іс қозғады. Арыз 2016 жылы 25 қарашада түскен. Ал желтоқсанның соңында БЖЗҚ-да тексеріс жүріп жатқаны хабарланған еді. Соңынан белгілі болғандай құнды қағаздар зейнетақы жинағының есебінен емес, зейнетақы қорының өз қаражатына сатып алынған.
Яғни, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің комиссиялық сыйақысынан түскен қаражатты пайдаланған.
«Бузгул Аурумның» облигациялары БЖЗҚ-ға жылына 19 пайыздық купонмен 5 жылдық мерзімге берілген. Әлі ешкім де облигациялардың табыстылығы туралы сауал көтере қойған жоқ.
Әйтсе де, БЖЗҚ-ның экс-басшысы Руслан Ерденаевтың қорғаушысы Александр Блок бұл келісімшарттың тиімді екенін айтады. Кейбір БАҚ «19% жылдық мөлшерлеме. Дәл осындай инвесторды басқа қайдан табасыз? Ал мұнда облигациялар алтын кен орындарымен кепілдендірілген» деген оның сөздерінен үзінді келтіріп жүр.
Тергеу барысында БЖЗҚ-ның басшысы Руслан Ерденаев 2 айға қамауға алынған еді.
Дереккөз: Kapital.kz