Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Банкке басып кірмек болған кімдер?

Банкке басып кірмек болған кімдер?
25 сәуір күні Kaspi Bank-тің Алматыдағы кеңсесіне бір топ адам басып кірмек болған. Өздерін ипотека алғандардың құқығын қорғаушы қоғамдық ұйымның өкілдеріміз деп таныстырған олар айғай-шумен банк ішіне ұмтылған. Сейсенбі күні  «Время» газеті бұл мәселе туралы «Басып кіруге бастамашы топ» деген материал жариялады. Мақаланың басында "пәтер алаяқтары мен олардың сыбайластары қалайша наразылық тобына айналды" деп сауал қойған басылым, банк ішінде шу шығарған топтың кімдер екенін ашып жазады. Сәуір айының басында өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік жеңілдік бағдарламасымен жаңа тұрғын үйлерден пәтер «сатумен айналысқан»  Феруза Ордабаева есімді алаяқ бес сыбайласымен бірге сотталады. Қылмыстық істе алаяқтықтың 35 эпизоды анықталып, жалпы залал 200 миллион теңгеден асады. Қылмыстық топ алматылықтарға жеңілдікпен, бөліп төлеу арқылы пәтер алып берумен айналысқан. Тіпті бұл туралы «құжат» та берген. Алайда кейін мұның бәрі алаяқтардың ісі екені анық болады. Қылмыстық іске Феруза Ордабаевамен бірге достары, туыстары да қатысқан.  Олар сырттан клиент іздеумен айналысқан. Бұларға сенген кейбір адамдар ашкөздікпен екі-үш пәтерге дейін алуды мақсат тұтып, алаяқтардың қолына қомақты соманы ұстатқан. Алайда олардың арзан пәтер ала қалу ойы толығымен орындалмады. Ордабаева сотталып, ақшасыз, пәтерсіз қалған оның «клиенттері» енді бастамашы топ құрып, банктерге шабуылды бастап жібереді. Бұл топқа Дильнар Инсенова жетекшілік етеді. Дәл осы ханым осы аптаның басында Kaspi Bank кеңсесіне басып кіруге талпынғандарға басшылық еткен. Бір қызығы Инсенова ханым Ордабаеваның үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіргендер арасында жоқ, бірақ сот процессінің бірде бірін жібермей қатысқан. Судья Таклима Ахметова шығарған шешім Инсенова ханымға ұнамаса керек. Алмалы аудандық сотының айналасында басқа шағым түсірушілерге бар даусымен айғайлап, наразылығын ашық білдірген. Қызығы сол, ол басқа жеңілдікпен пәтер алғысы келгендермен бірге ол 2012 жылдың тамыз айында төлемді бөліп төлеу шартымен келісім-шарт жасап «Ақкент» ТК-нен үш бөлмелі пәтер алады. Алайда қарызын қайтаруға асықпайды. Мүмкін жоғарыдағы алаяқтар пәтер басбүтін сенікі, ештеме төлемейсің деген болар. Сатушы компания төлем жасамағаны үшін 2014 жылы сәуірде Инсенованың пәтерін қайтарып алады. Алайда бір жылдан кейін оның бұрынғы пәтерінде емін-еркін тұрып жатқаны анықталады. Сот орындаушылары кеткен соң, есіктің құлпысын ауыстырған ол үйінде емін-еркін тұра берген. Қазіргі кезде Алатау аудандық ІІБ Инсенованың «өзімбілемдігі» үшін іс қозғаған. Банк ғимаратына басып кіруге талпынған топтың келесі бір белсенді мүшесі Рызвангуль Тулабаева 2013 жылдың қаңтар айында «Ақкенттен» бөліп төлеу шартымен үш бөлмелі пәтер алады. Екі жылдан кейін төлем жасамағаны үшін пәтер кері алынып, сатуға қойылған. Алайда 2015 жылдың тамыз айында Тулабаеваның да бұрынғы пәтерінде тұрып жатқаны анықталған. Бұл азаматшаның да ісімен полиция айналысуда. Топтағылардың бірі Әлия Елеукенова 2010 жылы «Ақкенттен» жеңілдікпен пәтер алған, 2013 жылы шығарылған.  Айнұр Сансызбаева Феруза Ордабаеваға 180 мың доллар төлеп, бірден үш пәтерге ие болғысы келген. Алайда ол ойы жүзеге аспаған. Оның да пәтері қайтарылып алынған. Өткен аптада банкке басып кірмек болған  «бастамашы топ» құрамында 15-ке жуық адам. Бір қызығы бұлардың біразы жоғарыдағы Ордабаеваның жақын туыстары болып шыққан. Мысалы: Әсел, Ақмарал Мәмбетовалар Ордабаеваға клиент тауып бергені үшін бес жылға сотталған. Бірақ, балалары өскенше темір торға жабылмайды. Бұл топтың Kaspi Bank – ке басып кіріп, шу шығаруының себебі белгісіз. Өйткені бұлардың ішінде тек 3 адам банк клиенті болып шыққан. Әрі бұл банк 2007 жылдан бері ипотека бермейді. Сонда қалғандары не мақсатпен жүр? «Время» газетінің жазуынша бұлардың барлығы адамдарды 200 млн теңгеден астам сомаға лақтырған қылмыстық топпен байланысты. Мәселені заңды жолмен шешудің орнына қоғам, БАҚ назарын аударту үшін сахналық көрініс қоюға бейімделіп алған. Бұл арқылы  заңсыз алынған пәтерлерді «бастамашы топ» босатудан бас тартып, банктерге қатаң талаптар қоюды мақсат тұтады. Олардың банктерге қойып отырған талабының бірі -  пәтердің 1 шаршы метр құнын 400 мың теңгеден 168 мың теңгеге дейін төмендетіп, төлем бойынша 10 жылға дейін жеңілдік мерзімін беріп, пәтерді босату талабын алып тастау. Талап ету айғай-шуға толы ел мен БАҚ-тың назарын аударатын көріністермен өтуде. Сол арқылы банкирлер мен қоғамға әсер ету мақсатының бары анық. Қаржы институттары қызметкерлерінің айтуынша бұл әрекеттердің барлығы бір сценариймен жүзеге асады. Банктерге жақын аулаларға қымбат джиптер кіреді, одан шуба киген әйелден шығып, киімін халат пен тәпішкеге ауыстырып, дайын плакаттарды көтеріп, алға деп ұрандай жөнеледі. Алайда жақында Kaspi Bank-ке жасалған шабуыл олардың әдістерінің өзгергенін, ұрыс пен қызметкерлерге қоқан-лоққы көрсетумен ауысқанын байқауға болады. Осылайша арзанға ұмтылып, өздері заңды айналып өтіп пәтер алғысы келгендер, тегінге ұмтыламыз деп ашкөздігінен аузы күйгендер, артынша «жүйенің құрбаны», «шындық үшін күрескішке» айналып шыға келеді.Шын мәнінде нағыз ипотека алғандарға мемлекет  пайыздарын төмендетіп, қарыздарын қайта құрылымдап көмек көрсетіп отыр. 2015 жылдың сәуір айынан бері ипотеканы қайта құрылымдау бойынша мемлекет екінші деңгейлі банктер арқылы бөлген қаражаттың 73 миллиард теңгеден астамы игерілген. Бұл көмекті алған 11 мың адамның арасында ипотекаға алған үйлері үшін жылдар бойы ештеме төлемегендер де бар. Айтпақшы, әкімдікте істеп, үйді-оңды солды тарата беретін қайырымды тәтелер тек ертегілер мен қылмыстық істерде ғана болатынын ұмытпаңыз. Мақаланың авторлық құқығы «Время» газетіне тиеселі. Көшіріп басу үшін «Время» газетінің келісімін алуыңыз керек. Пайдаланған жағдайда «Время» газетімен қатар 7kun.kz сайтына гиперсілтеме көрсетуді сұраймыз.  

Похожие материалы