«Kaspi Bank» АҚ баспасөз қызметі «Халыққа баспана қалдырайық» және «Халықты баспанамен қамтамасыз етіңдер» қоғамдық ұйымдарының шеруі туралы мәлімдеме таратты. Бұл туралы банктің ресми сайтында жарияланды.
Еске салайық, кеше аталған қоғамдық ұйымдардың өкілдері Kaspi Bank пен Халық банкіне шерулетіп барған болатын. Бұған дейін олар АТФ Банк пен ForteBank, KAZKOM, «ЦентрКредит Банк» алдына барып шерулеткен еді. Кешегі шеруге 50 адам қатысқан.
«Kaspi Bank» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, шерушілердің Kaspi Bank-ке не үшін келгені белгісіз. Олар банк басшылығының ыстық шай ішіп, кез-келген сұрақты банк ғимараты ішінде отырып шешу туралы ұсынысынан бас тартқан. Әрі шерулетіп келгендердің тек екеуі ғана аталған банктің клиенті болып шықты.
Сондай-ақ, Банктің баспасөз қызметінен хабарланғандай, қазіргі кезде екі борышкермен де жұмыс жүргізілуде. Біреуінің қайта құрылымдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарызын қайта құрылымдау туралы өтініші мақұлданған. Екінші клиенттің өтініші қарастырылуда, өйткені өтініш екі күн бұрын ғана берілген.
«Бізде қаржылай қиындыққа тап болған нағыз борышкерлермен сөйлесу мүмкіндігі болмады. Біз кез-келген кездесу мен талқылауға ашық екенімізді және қиын жағдайға тап болған борышкерлерге көмектесудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенімізді тағы да ескертеміз. Біз қайта құрылымдаудың мемлекеттік бағдарламасына қатысу тетіктерін кеңейту бойынша Қазақстанның Ұлттық банкімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бүгінгі шеруге қатысушылардың жағдайына тиісті деңгейде назар аударып, сұрақтарды талқылауға мүмкіндік болмағаны өкінішті», - делінген банк сайтындағы мәлімдемеде.
Kaspi Bank-тің алдында 30 минуттай ұрандаған шерушілер Халық банкке бағыт алған.
Фото: msk.mr7.ru