Kaspi.kz ай сайынғы төлемдер бойынша кейінгі қалдыру мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзартты. Бұл туралы әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жариялады.
Kaspi.kz командасы Президенттің тапсырмасына сәйкес Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен және басқа банктермен бірлесіп, несиелер бойынша ай сайынғы төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру шарттарын кеңейту жұмыстарын белсенді түрде жүргізген.
«Бүгін біз сүйікті клиенттерімізді қолдау бағдарламасының жақсартылғанын хабарлаймыз, – деді Михаил Ломтадзе. – Біз ай сайынғы төлемдер бойынша кейінгі қалдыру мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзартамыз. 18 наурызға дейін несие немесе бөліп төлеу ресімдеген, сондай-ақ Kaspi Red картасымен зат сатып алған және уақытша қаржылық қиыншылықтарға тап болған клиенттер төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін ала алады. Kaspi.kz командасы 2 сәуір күні қолдау бағдарламасына қатысуға өтінімдер беруге арналған қолайлы онлайн-сервистің үйден шықпай-ақ тікелей Kaspi.kz мобильді қосымшасында қолжетімді болуы үшін барлық күш-жігерін салуда».
Кейінге шегеру бойынша барлық сұрақтарға жауапты Kaspi.kz-тегі «Гид» бөлімінен алуға болады.