Алматы. 26 маусым. 7kun.kz — KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы дивидендтерді жалғыз акционердің – "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" есеп шотына аударды. Холдинг басқармасының бұрын қабылданған шешіміне сәйкес төлем сомасы 475 665 899,2 теңгені құрады. Бұл туралы KazakhExport компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін "Бәйтерек" холдингінің басқармасы еншілес ұйымның таза табысын 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған қаржы жылындағы бөлу тәртібін бекітті.
KazakhExport жылдық қаржылық есептілігіне сәйкес, компанияның таза табысы 1,5 млрд теңгеден асты. Бұл сомадан "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ-на дивидендтер ретінде 475 млн теңге төлеу шешілді.
Айта кетейік, KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы "Бәйтерек"холдингінің құрылымына кіреді. Басты міндет - экономиканың басым секторларында шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, қызметтер экспортының өсуін қолдау және қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық-сақтандыру және қаржылық емес қолдау практикасын қалыптастыру.