Алматы. 31 шілде. 7kun.kz - Қазкоммерцбанктің акционерлері директорлар кеңесінің жаңа құрамын сайлады. Бұл туралы «Казкоммерцбанк» АҚ (ҚКБ) акционерлерінің кезектен тыс жиналысында белгілі болды.
«Қазақстанның Халық Банкі» АҚ ірі акционерінің кеңесі ескеріліп, «Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің жаңа құрамына үш жылдық мерзімге алты тұлға сайланды.
Директорлар кеңесінің құрамын бекіту туралы өзге де ұсыныстардың болмауы назарға алынып, ірі акционердің ұсынысы бойынша келесі тұлғалар «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Директорлар кеңесінің мүшелері болып сайланды. Олар:
- Ульф Вокурка;
- Елемесов Асқар Раушанұлы;
- Жолдасбеков Азамат Мырзаданұлы;
- Дунаев Арман Ғалиасқарұлы;
- Қарпыкова Әлия Сәкенқызы;
- Кішкімбаева Сәуле Бахыткерейқызы.
Солардың ішінде Елемесов Асқар Раушанұлы, Жолдасбеков Азамат Мырзаданұлы және Дунаев Арман Ғалиасқарұлы Қазкоммерцбанктің басқару органына тәуелсіз директорлар ретінде, ал Қарпыкова Әлия Сәкенқызы «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ-ы акционерінің өкілі ретінде сайланды.
Банк акционерлері сондай-ақ ҚКБ Директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сыйақысының мөлшері мен төлемнің шарттарын қарастырып, бекітті.
Сонымен қоса, акционерлер ҚР «Акционерлік қоғамдар туралы» заңына сәйкес «Казкоммерцбанк» Директорлар кеңесінің келесі мүшелерінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Олар:
- Директорлар кеңесінің төрағасы - Рақышев Кеңес Хамитұлы;
- Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, тәуелсіз директор - Аханов Серик Ахметжанұлы;
- Марк Хольцман;
- тәуелсіз директор - Махат Рашит Мукамарович;
- акционердің өкілі - Әбдуов Нұрлан Қанатұлы.
Акционерлер жиналысы күн тәртібіндегі соңғы сұрақты, яғни банкпен «БТА Банк» АҚ-ы арасындағы мәміленің бекітілуін назарға алды. Аталған мәміле «Казкоммерцбанк» АҚ-ы Банкпен ерекше қатынастағы тұлғаларға (тұлғада) – «БТА Банк» АҚ-на ұсынылған (орналастырылған) активтерге қатысты талап ету құқығынан бас тарту шартын қарастырады.