Экономика
Үкіметте 2020-2025 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы таныстырылды
Алматы. 4 желтоқсан. 7kun.kz – Бүгін Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдама жобасы таныстырылды.
Министрдің айтуынша, индустриялық-инновациялық саясаттың мақсаты – бұл ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру.
Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін, индустриялық-инновациялық дамудың 5 бағыты ұсынылып отыр:
- проактивті сауда саясатын жүргізу,
- өсу нүктелерінде мамандандырылған өндірістік факторларды алдын-ала құру,
- капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашу,
- ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындарды тікелей қолдау,
- индустрияландыру саясатын үйлестіру,
- қаржыландыру және индустриялық-инновациялық реттеу мен қолдаудың тиімділігін арттыру.
Министр үшінші Индустрияландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан ерекшеленетінін айтты. «Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдау үшін салалық басымдықтардан ауысу жүзеге асырылады. Екіншіден, өндірілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа номенклатурасын игеруге, қолданыстағы номенклатураны кеңейтуге және «күрделендіруге» күш салынады. Үшіншіден, бизнестің нақты көрсеткіштерге қол жеткізуі үшін (экспорттың өсуі және т.б.) тікелей қолдау көрсетілетін болады. Төртіншіден, өнеркәсіптің «цифрлық дәуірге» дайындығы аясында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар жасалады», - деді министр Жеңіс Қасымбек. Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының қорытындылары бойынша 2019 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде келесі негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу болжанып отыр: 1.Негізгі капиталға салынған инвестицияның 2 есеге өсуі; 2. Еңбек өнімділігінің 1,7 есеге өсуі; 3. Өңделген тауарлар экспортының 2,3 есеге өсуі; 4. Экономикалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру (Гарвард); 5. Экономикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есеге ұлғайту. Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасына қатысты айтылған тәсілдер экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайтуға бағытталған жұмысты күшейтуге, өндірілетін тауар қоржынын «күрделендіруге» және сыртқы нарықтарға қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.