Экономика
Әкімшілік құқық бұзушыларға салынған айыппұлдар енді жалақыдан ұсталады
Әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдары қазақстандықтардың жалақылары мен зейнетақыларынан ұсталатын болады. Бұл сот қаулысы шыққан соң 30 тәулік ішінде әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлемеген жағдайда қолданылады.
Алматы полициясы айыппұл мерзімінде төленбесе, айыппұл салу туралы қаулы құқық бұзушы жұмыс істейтін, шәкіртақы немесе зейнетақы алатын мекемеге соттың немесе лауазымды тұлғаның атынан жіберілетінін айтады. Аталған құжаттың негізінде жұмыс беруші немесе өзге тұлға мәжбүрлі түрде айыппұл сомасын ұстап қалатын болады.
Айыппұлды ұстап қалу алты айдан аспайтын мерзімде жасалады.
Одан бөлек, егер азамат белгілі бір себеппен айыппұл төлемеген болса, бір айдан үш айға дейінгі аралыққа кейінге шегере алады. Ол үшін өтініш жазылып, материалдық жағдайы ескеріледі.
Егер жауапкершілікке тартылған адамға айыппұлды төлету мүмкін болмаса немесе жұмысынан шығып кеткен болса, бұрын жұмыс істеген жері сот қаулысын 10 күн ішінде қайтаруы тиіс. Және ол туралы қажетті мәліметтерді, соның ішінде қазіргі жұмыс орны туралы ақпарат беруі міндетті.