Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Коллекторлармен қарым-қатынас жасаудың 7 қағидасы

Коллекторлармен қарым-қатынас жасаудың 7 қағидасы

Қазіргі кезде нарықта кредиттік өнімдер көп болғандықтан оны қарызға алатындар саны да  аз емес. Алайда сол кредиттік өнімдерді қалтасындағы қаражатқа қарамастан немесе экономикалық жағдайын ойламастан сатып алып кейін "қарыз" дейтін қиындықтарға тап болып жүретіндер бар.

Осындай мерзімі өткен қарызды банк коллекторлық агенттіктерге сатады. Коллекторлар болса сол қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс істейді. Қазақстанда жалпы коллектор ұғымы соңғы он жылда белсенді дами бастады. Бірақ олардың қарыз алушыға қатысты әрекеті үнемі заңды бола бермейтіні тағы бар. Сондықтан банк немесе компания алдында қарызыңыз болса да, коллектор ретінде хабарласқан адамдарға сене бермегеніңіз жөн. Олармен сөйлесуде бірнеше қағиданы ұстаныңыз.

Коллекторлық агенттік туралы ақпаратты білу

Егер сізге коллектор хабарласқан жағдайда оның толық аты-жөнін, қай компания өкілі екенін сұрап алыңыз және ол айтқан ақпаратты жазып алуды ұмытпаңыз. Егер олар алаяқтар болса, сіз қойған сұрақтардан жалтарып, алдағы уақытта мазаламайтын болады.

Сенімсіз құжаттарға қол қоймау

Қарызыңыз болған күннің өзінде коллекторлармен бірге ешқандай құжатқа қол қоймаңыз. Себебі олар сізден қосымша ақша алуды көздейді және олардың тек қарызды компанияға қайтару үшін ғана жұмыс істейтінін білгеніңіз жөн.

Заңды құжаттарды талап ету

Шын мәнінде коллекторлар банктегі сіздің қарызыңызды сатып алды ма, соған көз жеткізіңіз. Олардан өзіңізге қатысты барлық құжаттарды, олардың көшірмесін талап етіңіз. Өйткені банк қарызды коллекторлық агенттікке өткізгендіктен, сіздің құжаттарыңыз міндетті түрде болуы керек.

Коллекторлардың  жұмыс тәртібін білу

Олардың алаяқ екеніне көз жеткізсеңіз немесе сізді, жақындарыңызды бопсаласа бірден полицияға қоңырау шалып, мән жайды түсіндіріңіз. Сондай-ақ, коллекторлар тек интернет немесе телефон арқылы жұмыс істейтіндіктен, сіздің келісіміңізсіз олардың мекен-жайыңызға келуге құқығы жоқ. Сондықтан олар үйге келіп, қарызға қатысты мәселелерді қозғап және өздерімен бірге құжаттарды ала келіп, қол қоюға мәжбүрлеуіне жол бермеңіз. Үйге келген күннің өзінде олардың қолында соттың бұйрығы болу керек.

Хабарласқан уақытқа мән беру

Егер коллекторлар телефон арқылы маза бермесе, ашулануға жол бермеңіз. Сондай-ақ, олардың хабарласқан уақытына мән беріңіз. Себебі алдағы уақытта "Коллекторлық қызмет" туралы заңға сәйкес, олардың жұмыс күндері сағат 21:00-ден 8:00-ге дейінгі аралықта және демалыс, мереке күндері сағат 19:00-ден 10:00-ге дейінгі кезеңде өзара іс-қимылды жүзеге асыруына тыйым салынады.

Коллекторлардан келген хатқа заң тұрғысынан жауап беру

Егер сіздің мекен-жайыңызға коллекторлардан хат келетін болса оны мұқият оқып, заңгер арқылы жауап бергеніңіз жөн. Себебі сізбен жұмыс істеп жатқан коллектор жауабыңызды көріп, заң тұрғысынан қорғалғаныңызды білсе қарыз төлеуге қатысты мәселені банкке қайта қайтарып береді.

Коллектордың жақындарыңызға хабарласуына жол бермеу

Коллекторлар көбіне сізден қарызды өндіріп алу мақсатында сіздің жақындарыңызға хабарласуы мүмкін. Бірақ олардың туыстарыңызбен немесе достарыңызбен сөйлесуіне жол бермеңіз. Нақты мәселе бойынша бәрін өзіңіз талқылаңыз. Егер олар сіздің жақындарыңызға хабарласқан болса, шағым түсіруіңізге құқыңыз бар.

Похожие материалы