Алматы. 6 тамыз. 7kun.kz – 2018 жылғы мамыр-шілдеде көмір тасымалдау 2 миллион тоннаға жеткізіліп, 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 35 %-ға артты, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Маусымда 850 мың тонна көмір тасымалданып, өткен жылмен салыстырғанда 74% жоғары көрсеткішті құрады.
Соңғы үш айда Ақмола тұрғындарына және коммунальдық мекемелеріне 300 мың тонна қатты отын жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 126 мың тоннаға жоғары көрсеткіш. Шығыс Қазақстанға 244 мың тонна көмір жіберілді. Ол өткен жылға қарағанда 124 мың тоннаға артық. Алматы облысына 456 мың тонна жіберілген, яғни 194 мың тоннаға артық. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарына да көмір тасымалдау қарқын алған.
Жазғы маусымдағы теміржолмен тасымалдау тарифы көтерілген жоқ. Қызылжар- Астана бағдарымен бір тонна көмір тасымалдау 1719,9 теңге болса, Дегелең - Жаңа Өскемен бағдарына -1500,7 теңге тұрады. Дегелең - Семей бағдарына -824,5 теңге болды. 1-тамыздағы мәліметке қарағанда, еліміздегі жылу орталықтарындағы тәуліктік көмір қоры нормадан жоғары. Мәселен, ҚР энергетика министрлігі бекіткен нормативке қарағанда тәуліктік қор 20 күнге межеленсе, мұнда 39 күндік қор жасақталған. Қазіргі таңда Көкшетаудың жылу орталығына жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көмір жеткізу тоқталды.
1 қыркүйектен бастап айына 36 мың тонна көмір жеткізілмек.