Конституциялық реформаларды жалпыxалықтық талқылау 26 ақпанға дейін жалғасады
Астана. 26 қаңтар. 7kun.kz - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық реформалар жобасын жалпыxалықтық талқылауға шығару туралы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, талқылау 26 қаңтар мен 26 ақпан аралығында жүргізіледі.
"Конституциялық кеңестің, сот жүйесі мен прокуратураның қызметін жетілдіру мәселелерін пысықтау қажет. Біздің конституциялық құрылымымыздың мызғымастығына берік кепілдік керек. Жұмыс тобы ары қарай жұмысын жалғастыратын болады. Оларға осы мәселелердің барлығын зерттеп, келесі қоғамдық талқылауларға дейін өздерінің ұсыныстар топтамасын дайындауы қажет", - деді президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, аталмыш бағдарлама негізгі үш міндетті шешуі тиіс.
"Біріншіден, саяси жүйенің тұрақтылығын көп жылдарға қамтамасыз ететін қорды құру. Екіншіден, Үкімет пен Парламент рөлінің артуы қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жауап беретін тиімді тетік құрады. Иә, бұл басқарудың күрделі жүйесі, бірақ қоғам да қазір күрделене түсті. Мен президент құзырындағы құзыретті беруге саналы түрде барып отырмын. Және оны бір мақсатта істеп жатырмын - елді басқарудың бұдан да тиімді, тұрақты, қазіргі заманға сай келетін жүйесін құру. Үшіншіден, мемлекеттік құрылымның әмбебап моделі жоқ. Барлығы ізденіс үстінде. Біз ешқашан мемлекеттік құрылымды өзгелерден көшірген емеспіз, өзіміздің бірегей шешімдерімізді таптық, кейбір мәселелерде ғана xалықаралық тәжірибелерді қолдандық", - деді Н. Назарбаев.
"Ұсынылып отырған реформа ең алдымен өзіміздің тәжірибеге және Қазақстан қажеттіліктеріне сүйеніп жасалады. Реформа бағдарламасы - біздің қай бағытта дамитындығымызға жауап деуге болады. Жауап нақты - демократиялық даму бағытында. Қолға алынатын шаралардың маңыздылығын ескере отырып, жақында жарияланатын конституциялық реформалар жобасын жалпыxалықтық талқылауға шығаруды шештім. Тиісті Жарлық шықты. Осының барлығы ел дамуының болашағына және Бес институционалды реформаларға сәйкес келеді", - деді Назарбаев.