Экономика
Выбор редактора
ҰКП: ЭКСПО-да Қазақстан кәсіпкерлеріне мүмкіндік берілмей жатыр
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) отандық өндірушілер үшін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық бойынша тендердің қолжетімсіз екендігін мәлімдеді. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап LS хабарлайды.
ҰКП атап өткендей, палатаға кәсіпкерлер "ЭКСПО-2017" жобаларындағы қазақстандық қатынасу үлесін көбейту туралы өтініш жасаған. Олардың мәліметінше, шағын және орта бизнестегі қазақстандық қайта өңдеуші кәсіпорындар көрме үшін жиһаз саласында, жеңіл және химиялық өндірістегі тауарларды әкелуге дайын. Алайда, олар делдалдарға байланысты проблемаларға кездескен.
ҰКП-дегі қайта өңдеу өндірісі комитеті хатшысының орынбасары Хакім Сабыровтың атап өтуінше, ұлттық компанияларда мемлекеттік сатып алу әлі автоматтандырылмаған. "Олар "маған кім пара береді" қағидасын негізге алып таңдайды. Кәсіпкерлер қатысқан тендерлерде оларды әдейі құлатып жіберетіндігіне шағым білдіруде. Бұл кең етек алған жайт", - деп мәлімдеді ол. Осыған байланысты Ұлттық палата "Astana EXPO-2017" компаниясына отандық тауарлар пайда бола алатын нысандар туралы ақпараттық семинар өткізу туралы өтініш жібермекші. "Семинарды ҰКП алаңында жиһаз, жеңіл, химия саласындағы кәсіпорындардың қатысуымен өткізуді ұсынамыз", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ұлттық палата адал ниетті отандық тауар өндірушілер тізімін құрастырмақшы. Өндіріс алаңдары мен тауар өндірісінің қажетті көлемде болуы, салықтары мен басқа да төлемдердерінің төленуі, өндіріс кәсіпорнының ауқаттылығын көрсететін өзге де параметрлер критерий ретінде енгізілмек.
"Біздің өндірушімізді жібермеген шенеунікке неге аздаған тәртіптік жаза қолданылады? Неге бұйрық берген әкімшіліктегі басшы өз қызметінде қалды? Өзгелерге зияны тимес үшін оларды жұмысынан босату қажет", - деп қорытындылады Х.Сабыров.