Экономика
«Әл-Баракат» құрылыс компаниясының басшысы қамауға алынды
Астанада «Әл-Баракат» құрылыс компаниясының басшысы қамауға алынды. Сарыарқа ауданының соты Бақытжан Тойымбетовке қатысты осындай шешім шығарды деп хабарлайды КТК.
Аты дауға қалған құрылыс компаниясының бас директорына «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тұрғын үй нарығында небәрі 1 жарым жыл жұмыс істеген компания салымшылардан заңсыз ақша жинады деген күдікке ілінген. Енді Бақытжан Тойымбетов тергеу біткенше қамауда отырады. Одан кейінгі істі сот шешеді.
Естеріңізде салайық, былтыр «Әл-Баракат» құрылыс компаниясын Астана әкімдігі «алаяқ» деп жариялады. Компанияның тұрғын үй салуға лицензиясы жоқ деп, салымшыларды алдап жатқанын айтқан еді. Дегенмен, Бақытжан Тойымбетовтың өзі мұны бизнестегі бәсекелестерінің әрекеті деп, әкімдік алында қарсылық шарасын ұйымдастырған.