Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылым саласындағы бірегей нанотехнологиялық жобалар іске асырылуда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылым саласындағы бірегей нанотехнологиялық жобалар іске асырылуда

Алматы. 23 ақпан. 7kun.kz – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораториялары жетістіктерін таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. 

Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, Ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораторияларына барды. Журналистерге қазіргі уақытта ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Технопарк «ТрансНефть» Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен» бірлесіп, «Сұйық түрдегі ракушка плиткалардың бетіне жағылатын тау жыныстарының поликристалды сынғыш ұнтақты кальций карбонатын жасайтын бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасын іске асыруда.

Осы жобаны іске асыру мақсатында «Инновация плюс» еншілес коммерциялық ұйымы құрылды, ол жаңа құрылыс материалының жоғары тиімділігін растай отырып, осы материалды ҚазҰУ ғимараттарының қасбеттеріне эксперименттік қолдану бойынша жұмысты бастады. Осы уақытқа дейін айына 10 000 м2 көлемінде инновациялық құрылыс материалдарын өндіру жолға қойылды.

Сондай-ақ Технопарк дәстүрлі электр энергиясы жоқ жерлерде электр энергиясын беруге арналған қуаты 2 және одан да көп кВт/сағ телеметриясы бар мобильді автономды гибридті күн энергиясы қондырғысын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Бұл жобаға ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақтелеком АҚ, ұялы байланыс операторлары, агроөнеркәсіптік кешен өкілдері және басқа да ұйымдар қызығушылық танытты.

«Инновациялар плюс» компаниясымен бірлескен келесі табысты жоба – «Мұнай ұңғымаларын асфальт-шайыр-парафинді және гидратты шөгінділерден тазарту технологиясы» деп аталады.

Ғалымдар әзірлеген Автоматты мұнай шөгінділерін тазарту қондырғысы мұнай өндіру кезінде циклдік және күнделікті тазартуды жүзеге асырады, бұл мұнайды үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Құрылғы тозуға төзімділіктің жоғары параметрлеріне ие және минималды бақылауды қажет етеді. Құрылғы қолданыстағы тазарту шығындарын 80%-ға дейін оңтайландыруға, тазарту кезінде мұнайдың жоғалуы мен төгілу қаупін азайтуға, пайдалану процесінде «адам факторының» теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығында журналистерге «Өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдерді әзірлеу» жобасы ұсынылды. Университет ғалымдары жоба авторы Жанар Жеңіс жетекшілігімен алғаш рет Қазақстан аумағында өсетін дәрілік және қоректік шөп қоспаларының бірнеше түрінен тұратын табиғи тұнбалар жасады. Олар тұмау вирусына, ЖРВИ-ге, сондай-ақ бауыр мен әйел денсаулығын сақтауға бағытталған профилактикалық және емдік қасиеттерге ие. Өндірілетін өнімнің тұтынушылары фармацевтикалық компаниялар, медициналық мекемелер, ғылыми-зерттеу институттары және басқа да көптеген нарық субъектілері бола алады.

Содан соң журналистер ғалым Әмірхан Темірбаев жетекшілік ететін «Әл-Фараби сериясының университеттік наноспутниктерін әзірлеу және құру» жобасымен танысып, процестік инновациялар орталығына барды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кубсат стандартының алғашқы қазақстандық наноспутнигін әзірлеуші. Бүгінде университет екі наноспутникті ғарышқа ұшырды. Cubesat-тар кішкентай көлеміне қарамастан, Марс атмосферасы, астероидтар, күн желін зерттеу, сондай-ақ нақты уақыт режимінде Жер шарының бетін бақылау сияқты бірқатар технологиялық, ғылыми және білім беру мәселелерін шешеді.

Бүгінде «Ғылым қоры» қолдауымен Процестік инновациялар орталығы базасында ғарыштық робототехниканы, сондай-ақ еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында STEM-білім беруді дамытуға бағытталған «Білім беру мекемелеріне арналған шағын ғарыш аппараттарының инновациялық конструкторларын өндіру» жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде 10-нан астам жиынтық сатылды, көптеген мектептер жаңа AlfaSat конструкторын пайдалануға қызығушылық танытты. Конструкторды еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарына енгізу жоспарлануда.

Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана мен инженерлік өндіріс зертханасы қонақтарға Данияр Исмаиловтың «Наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар» жобасын ұсынды. Қабылдағыштарда сенсор ретінде заманауи нанотехнологиялық тәсілдер пайдаланылатын болады, бұл шығарылатын өнімнің сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік береді. Оның артықшылығы – нанотехнологияға негізделген сапа, нано саладағы ерекше қасиеттерге байланысты баға тұрғысынан қолданыстағы аналогтармен бәсекелесе алады. Тұтынушылар: мектептер, жоғары оқу орындары, тұрмыстық мақсатта, алдын ала сигнал беру қажет өнеркәсіптер, төтенше жағдай кезінде хабарлау.

Келесі Мерлан Досболаевтың «Жаңа технологиялар негізінде жоғары жарықтық қарқындылығы бар энергия үнемдейтін газ разрядты шамдардың шағын сериялы өндірісін ұйымдастыру» атты жобасы БАҚ өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Өйткені ол Т5 және Т8 типті энергия үнемдейтін шамдарды пайдалану арқылы энергия тұтынуды үнемдеу мәселесін шешеді.  Жобаның мақсаты жарқылдың жоғары қарқындылығымен энергия үнемдейтін газ разрядты шамдардың шағын сериялы өндірісін ұйымдастыру және енгізу болып табылады. Ұсынылатын шамдардың бәсекелестік артықшылықтары: жарық тиімділігі 20%-ға, жарқырау қарқындылығы 1,5 есе, жоғары сапа және қолжетімді баға.

Асқар Жүнісбековтің «Орта оқу орындарында электр құбылыстарын зерделеу үшін зертханалық кешендердің шағын өндірісін ұйымдастыру» жобасы қазақстандық мектептер мен колледждерді білім берудің жоғары стандарттарына сай келетін заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандыруға ықпал етуге бағытталған.

Автор ұсынған зертханалық кешен автономды, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуі қарапайым. Жиырма екі зертханалық жұмысты орындауға мүмкіндік береді және арнайы кабинетті қажет етпейді.

Баспасөз туры ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жобаларының көрмесі өтетін Әл-Фараби Ғылыми кітапханасында өз мәресіне жетті. БАҚ өкілдері ғалымдармен сұхбаттасып, атқарылып жатқан ғылыми жобаларды көзбен көруге және өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.

Осылайша, елдің жетекші жоғары оқу орны ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыра отырып, университет ғылымын нығайтуға, оның академиялық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграциялануына және табысты қызмет нәтижелерін одан әрі коммерцияландыруға ықпал етуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – QS WUR халықаралық рейтингінде 150 үздік ЖОО қатарына енген елдегі және Орталық Азия өңіріндегі жалғыз ірі ғылыми-білім беру орталығы. ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздің жетекші жоғары оқу орнына 2022 жылғы 25 шілдеде зерттеу университеті мәртебесі берілді. ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы әзірленді. 2022 жылы Ыстамбұл және Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалы ашылып, Алматыда ҚазҰУ базасында МИФИ филиалы құрылды.

Университетте 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі, 97 өндірістік филиалдан тұратын бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптасты. Жыл сайын конкурстық негізде университет ғалымдары іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша 400-ден астам ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ жалпы көлемі 8,1 миллиард теңге нысаналы қаржыландыру бағдарламаларын іске асырады.

Ғылыми институттармен және ұйымдармен интеграция күшейтілді, 21 білім беру бағдарламасы енгізілді, 396 магистр мен PhD докторы оқытуды аяқтады. Өнертабыс пен модельге 400 патент пен авторлық куәлік алынды. Қазақстандық ғалымдардың Scopus-та мақалалар саны артты. Оның 58%-ын жыл сайын ҚазҰУ қызметкерлері жариялайды.

2014 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ларды интеграциялау бағдарламасы шеңберінде «Ғылым Ордасының» 10 ҒЗИ-мен бірлескен қызметті қарқынды іске асыруда. 2022 жылы ҚазҰУ аталған бағдарлама шеңберін ұлғайтып, «Ғылым Ордасы» ҒЗИ-ларымен тағы 9 шартқа қол қойды.

ҚазҰУ базасында 2008 жылдан бастап ғалымдар мен студенттердің инновациялық идеяларының табысты инкубаторы ретінде танылған Ғылыми-технологиялық парк жұмыс істейді.

Похожие материалы