Экономика
Lamborghini мен Pirelli киімдерінің жаңа коллекциясы шықты
Lamborghini және Pirelli итальяндық компаниялары бірлесе отырып киім мен аяқ-киім коллекциясын шығарды. Luxurylaunches-дің хабарлауынша, ол Automobili Lamborghini powered by Pirelli деген атауға ие болды.
Коллекцияға ерлерге арналған қой терісінен, мақтадан және нейлоннан тігілген сырт киімдер, поло-футболкалар мен мокасиндер кірген. Бұны жасау барысында компаниялар киім мен автокөліктің арасында байланыс болуын жіті қадағалаған. Мәселен, мокасиндердің табаны резеңкеден жасалған. Бұл болса автокөлік дөңгелектерінің протекторын еске түсіреді.
Компаниялар арасындағы серіктестік 1963 жылы Pirelli -дің Lamborghini 350 GTV автокөліктеріне арнап дөңгелектер жасаған кезінен басталған. Осыдан соң Pirelli компаниясы Miura, Countach, Diablo және Gallardo сынды модельдерге дөңгелектер даярлаған.
Киім коллекциясы шығатындығы туралы Ermenegildo Zegna мен Maserati компаниялары 18 қыркүйек күні мәлімдеген еді. Аталған киімдерден бөлек, ер адамдардың жібек пен теріден тігілген киімдері мен жиналмалы күннен қорғайтын көзілдіріктері де бар. Сатылымға қазан айынан бастап шығады.
Қыркүйектің басында люкс класты тауарлар желісін британдық Bentley компаниясы таныстырған еді. Оның коллекциясында 300-ге жуық тауар бар. Соның ішінде сөмкелер, мойынорағыштар, жамылғылар, суретке арналған жақтаулар мен үстел сағаттары т.б бар.