Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әлемдегі ең ірі 7 лотерея ұтысы

Әлемдегі ең ірі 7 лотерея ұтысы

«Барлығы билеттен басталады...» Рас, бір билетке бұйырған сансыз санның «үлесіне» телміре отырып, сансыз байлықтың кілтін табам десеңіз сәттілік серігіңізге айналуға тиіс. Жер шарында лотерея ойнамайтын адам кемде-кем. Біздің заманымызға дейін Қытай елінде қолданысқа енген бұл ойын бүгін әлемдегі миллиардтаған адамның «құмар ойыны» мен «миллиондаған ақшасы» болып отыр.

Ендеше, адамзат тарихында орын алған ең ірі 7 ұтыс ойынына тоқталып өтейік:

1. Лотерея атауы: Мега Миллионс (Mega Millions)

Жеңімпаздар: Мерле және Патрисия Батлер (Иллинойс); өздерін «Үш Амигос» деп атаған үш мұғалім (Милфорд-Милл қаласы, Мэриленд); аты-жөні белгісіз жеңімпаз (Оттава қаласы, Канзас штаты)

Уақыты: 30 наурыз, 2012 жыл

Ұтыс: 656 млн доллар (әрқайсысы 218 млн доллар)

656 млн доллар

Жеңімпаздардың ішінен тек Мерле мен Патрисия Батлерлер ғана журналистер алдына шығып, өздерін көрсеткен. Тек бұл ұтысты қалай пайдаланатындары жасырын болып қалды. Отбасы бұл ақшаны қаржы жоспарлаушылары мен қорғаушыларының кеңесі бойынша ғана жұмсайтындарын айтқан.

2. Лотерея атауы: Мега Миллионс (Mega Millions)

Жеңімпаздар: Стив Тран (Калифорния); Айра Карри (Джорджия)

Уақыты: 17 желтоқсан, 2013

Ұтыс: 648 млн доллар

648 млн доллар

Жеңімпаздардың бірі Стив Тран үнемі лотерея билетін сатып алып жүрген екен. Осы жолы оның жолы болып, үлкен ұтыстың «жартылай» жеңімпазы атанады. Стивтің мамандығы – жүк көлігінің жүргізушісі. 8, 14, 17, 20, 39 сандары бар ұтыс комбинациясы және бонустық 7 саны бар билетті ол  Сан-Хосе қаласында отбасымен демалып жүріп сатып алған. Айта кету керек, Америкада ұтыс билеті сатылған орталықты да арнайы сыйақымен марапаттайды, демек Сан-Хоседегі Стивтің «ұтыс» билетін сатқан кәдесыйлар дүкені де миллион доллар алды деген сөз. Ал, екінші жеңімпаз Айра Карри ақшаның өзіне тиісті бөлігін бірден алып кететінін мәлім етіп, тек  қайда жұмсайтынын айтудан бас тартқан көрінеді.

3. Лотерея атауы: Мега Миллионс (Mega Millions)

Жеңімпаздар: Бірі – Мэрилендтен, екіншісі – Канзастан, үшіншісі – Иллинойс штатынан

Уақыты: 2012 жыл

Ұтыс: барлығы 640 млн доллар

640 млн доллар

Бұл жолғы ойында үш штаттың тұрғыны жеңімпаз атанды. Ойын Атлантада өткізілген. Жеңімпаз билеттегі ұтыс комбинациясы: 2,4,38,23,46 және Mega Boll нөмірі — 23. Ең қызығы, егер бұл жолы да «сәтті» билет сатылмағанда, джекпот көлемі 950 млн долларды құрайтын еді. Алғашында ұйымдастырушылар билеттің Мэриленд штатындағы Балтимор аймағында сатылғанын хабарлаған, кейіннен Канзас және Иллинойс штаттарында да дәл осындай екі билеттің сатылғаны белгілі болды. Алайда, ойын жеңімпаздарының барлығының есімі белгісіз болып қалды.

Осы ұтыс ойыны өткізілетіні туралы хабарламадан кейін  құны 1 доллар тұратын лотарея билетін сатып алу үшін халық қалың кезекке тұрған.  «Би-Би-Си» арнасының хабарлауынша, 42 штатта, сонымен қатар Колумбия округі мен ойын өткізілген Виргиния аралдарында адамдар билетті жүздеп, тіпті мыңдап сатып алған.

Mega Millions өкілдерінің айтуынша, бұл ойыннан ұту ықтималдығы автокөлік апатынан қаза табу ықтималдығынан 20 мың есе кем болған.

4. Лотерея атауы: Powerball

Жеңімпаз: Глория Маккензи (Флорида штаты)

Уақыты:18 мамыр, 2013

Ұтыс: 590 млн доллар

590 млн доллар

Бұл жолғы жеңімпаз билеттің иегері 84 жастағы Глория Маккензи. Ол өзінің ұтыс билетін супермаркеттен сатып алған.  Маккензидің айтуынша, лотерея билетін сатып аларда, оның алдында тұрған ер адам қартқа өз кезегін берген. Ұтысы туралы теледидардан естіген Маккензи, ұйымдастырушыларға келмес бұрын, заңгерлермен кеңескен. Осылайша, барлық соманы бірден алуға шешім қабылдап, 390 млн доллардың иегері атанды(Америка Құрама Штатының заңы бойынша, ұтыстың барлығын бірден алған адам оның құнының 25%-ын салық ретінде төлейді). Әлі күнге дейін бұл жалғыз адам иеленген ең үлкен сома.

5. Лотерея атауы: Powerball

Жеңімпаздар: Марк және Синди Хилл (Миссури); тағы бір жеңімпаз (Аризона)

Уақыты: 28 қараша, 2012

Ұтыс: 580 млн доллар

580 млн доллар

Жеңімпаздар бұл жолы екі штаттың тұрғындары болып шықты. Миссури штатынан келген Хиллдер отбасында соңғы уақыттарда қаржылық қиындықтар болған екен. Синди офис менеджері болып қызмет етіп, 2010 жылы жұмыстан шығып қалған. Ал, Марк зауытта жұмыс істеп келген. Олардың үш үлкен баласы және Қытайдан асырап алған 6 жасар қызы бар.

6. Лотерея атауы: Мега Миллионс (Mega Millions)

Жеңімпаздар: Эдди Наборс (Далтон қаласы, Джорджия); Элейн и Гарольд Месснер (Вудбаин қаласы, Нью-Джерси)

Уақыты: 6 наурыз, 2007 жыл

Ұтыс: 390 млн доллар(Әрқайсысына 195 млн. доллар)

390 млн доллар

Жеңімпаздардың бірі өзінің қолына «балық аулауға кетті» деген жастық ұстап тұр. Ал, оның артында ұтыс чегін көрестіп тұрған әпкесі Бекки Данлэп және балдызы Дэвид Данлэп. Джорджия штатының солтүстігінен келген жүк көлігінің жүргізушісі Эдди Наборс жалпы соманың 390 млн долларын иеленді. Жеңімпаздан «бұл ақшаны не істейсіз» деп сұрағанда «балық аулауға барам» деп жауап берген.

7. Лотерея атауы: Мега Миллионс (Mega Millions)

Жеңімпаздар: Холли Лахти (Ратдрам қаласы, Айдахо штаты); Джим және Кэролин МкКуллар (Ефрата қаласы, Вашингтон штаты)

Уақыты: 4 қаңтар, 2011 жыл

Ұтыс: 380 млн доллар (әрқайсысына 190 млн. доллар)

380 млн доллар

Айдахо штатынан шыққан жеңімпаз Холли Лахти - жалғызбасты ана. Ол банктегі клиенттермен жұмыс істеу бөлімінің өкілі ретіндегі қызметін тастап, жасырынып кетіп қалған. Алайда, оның бұрынғы күйеуі Джош Лахти әйелінің ұтысы туралы өз қуанышты ойын «Бұл керемет. Енді алимент төлемейтін болдым» деген сөздерімен жеткізген. Журналистердің айтуынша, Холли Лахтидің жасырынып қалуына оның күйеуімен заңды түрде ажыраспағаны бірден-бір себеп болған-мыс. Өйткені, заңды түрде Джош Лахти да ұтыстың жартысын иемдене алады.

Ал, екінші жеңімпаз Джим МкКуллар өз ұтысын банкке салып, одан 6 баласына чек жазу арқылы үлесін беріп, қалғанын қайырымдылыққа жұмсайтынын айтқан. «Мен бүкіл әлемді айналып ұшқым келмейді және өзімнің жеке реактивті ұшағымды да сатып алғым келмейді»,-дейді ол.

Жоғарыда көрсетілген ұтыстың бәрі АҚШ-та орын алған. Әзірге, әлемдегі ең ірі ұтыстар ондығы Құрама Штаттарға тиесілі. Мұнан бөлек, әлемнің өзге елдерінде тіркелген ең ірі рекордтық ұтыстар бар, олар: Ресейм-  100 миллион рубль; Шотландия - 185 миллион евро; Австралия – 112 миллион австралиялық доллар; Латын Америка – 195 миллион реал; Филиппин аралдары – 741 миллион песо.

Дайындаған Арайлым Әкім "7"

Похожие материалы