Бүгінгі таңда әлемдік экономикадағы басты тақырып – мұнай бағасы, нарық және Ресей. Оған себеп алдыңғы жылдан бері «қара алтын» құнының төмендеп кетуі. Сарапшылардың бір тобы мәселені экономикалық жағынан қарастырса, енді бірі саяси шиеленіс нәтижесі деп қарауда.
2014 жылдың жаз айларынан бері мұнай бағасы өзінің төмендеуін бастады. Forex Club компания тобының сарапшысы Валерий Полховскийдің айтуынша АҚШ авиациясы қолдауымен Ирактың күрд қарулы күштері алдында ИЛИМ (Ирак және Леванта ислам мемлекеттері) экстремистік ұйымының сарбаздары басып алған бірқатар нысан мен территорияларды өз бақылауына алуда мұнайдың негізгі сорттарының бағасы қысымға ұшыраған.
Тамыз айында еуропалық Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 102,15 долларды құрады. Ал, америкалық WTI мұнайы 94,43 доллар көлеміне түсті.
Валерий Полховскийдің Tengrinews.kz сайтына берген мәліметінше, Күрдістан атқарушы билігінің басшысы Фауд Хуссейн пешмерга деген атпен белгілі күрдтің қарулы күштері Мосул қаласы маңындағы стратегиялық маңызды дамбаны жақын күндері өз бақылауына алатынын, сөйтіп Ирактың солтүстік-батыс бөлігін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туатынын мәлімдеген. Ол осы демалыс күндері АҚШ-тың әуе әскери күштері ИЛИМ сарбаздарының майдан шебін атқылайтындығын да айтқан. "Күрдтердің әскери жетістігі халықаралық нарыққа жеткізіліп жатқан 2,7 миллион баррелді түгелдей игеріп жатқан елдің оңтүстігіне шиеленістің ұласпауын белгілі бір деңгейде қамти алады" дейді ол.
Мұнайдың белгілі бір деңгейде құлдырауын мамандар Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың нәтижесі деп те болжап қойды.
Экономикалық сарапшылар мұнай бағасының 85 доллардан кем түспейтініне де уәде берген, алайда 90-ның үстіндегі мұнай құны қазан айында 89,99 долларға бір-ақ құлады. Артынша 90,5 долларға көтерілген «қара алтынның» жайы Тұманды Альбионның қор биржаларын біраз абыржытты. Дәл осы сәтте Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бюджетті қысқарту болатынын мәлім етті. Біздің мемлекеттік бюджетіміз тікелей мұнайдан түсетін табысқа тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының 90 доллардан кем болуы мемлекеттік жоспардың орындалуына үлкен кедергі екені рас.
Алайда, қазақстандық сарапшылар экономиканың тұрақты дамитынын алға тартып, өз болжамдарын ұсынды.
Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
- Ресей экономикасы тұраласа, бізге де әсері айтарлықтай болады. Егер Ресей бағытындағы мұнай тасымалдайтын құбыр жабылса, онда экспорттайтын көлеміміз де қысқарады. Бюджетте мұнай бағасы үш түрлі нұсқамен қаралған. Біріншісі – оптимистік, екіншісі – пессимистік, үшіншісі – консервативті базалық нұсқа. Ең төменгі пессимистік нұсқада мұнай құны 65-70 доллар көлемінде деп белгіленген. Бұл мұнай бағасының құлауына даяр екенімізді көрсетеді.
Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, пофессор:
- Кеңес одағы кезінде Қазақстанның мұнай тасымалдайтын бір-ақ жолы болды. Ол Атырау – Куйбышев мұнай құбыры еді. Қазір Қытаймен арада мұнай құбырымыз бар. Бұдан соң Ақтау портынан Иранға, Парсы шығанағына мұнай тасымалдаймыз. Тағы бір үміт артып отырған жоба Баку-Жейхан-Тбилиси мұнай құбыры. Бұдан соң Қазақстан Қытаймен тағы бір ірі келісімге отырған болатын. Ол келісім бойынша Қытай толлинг жүйесімен өз мұнайымызды қайта өзімізге өңдеп жіберуі тиіс. Сондықтан бұл жерде Ресей арқылы мұнай тасымалдайтын құбырға ғана иек артып отырмыз деу қисынсыз. Демек бұл арада «экспорттық әлдеуетіміз төмендейді» деп анағұрлым қауіптене алмаймыз.
Дегенмен 9 қазан күні Brent маркалы мұнай бағасы 88,44 долларға тағы да төмендеді. 2014 жылға арналған бюджеті 95 доллар/баррель көрсеткішіне сүйенген Қазақстан үшін бағаның 90-нан кем түсуі айтарлықтай жақсы болған жоқ.
Дәл осы тұста мемлекет басшысы Н. Назарбаев Үкіметке оптимистік және пессимистік бағытта
2 түрлі сценарий әзірлеуді тапсырды. Бұл сценарий бойынша пессимистік болжам 80 доллар/баррельге негізделген.
Қазақстанның жағдайға сәйкес шаралар қабылдағанына қарамастан, Лондондық қор биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 84,63-тен 81,84 –ке құлдырады. Сол-ақ екен, бірқатар халықаралық сарапшылар экономикасы мұнайға негізделген елдердің болашағына болжам жасай бастады. Қазақстан-Ресей нарығының жайын бақылап, бағдарлап отыратын Renaissance Capital ақпараттық қаржылық орталығы «мұнай бағамы 80 доллар болып түзілетін болса, Қазақстанның ұлттық банкі теңгені 15,5 пайызға құнсыздандырып, бір долларды 220 теңге етуге мәжбүр» деген болжамдарды да алға тартты.
Сол кезде Үкіметке 2015 жылы зейнетақы және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына 30 пайыз үстеме қосу, бірқатар мемлекеттік төлемдерді өсіру туралы тапсырма берілген болатын. Үкімет басындағылардың күдіктенетін жайы бар, себебі сарапшылар мұнай бағасы 60 долларға түссе, Қазақстан 2009 жылғы дағдарысты қайта бастан өткереді деп дабыл қақты.
ің басты себебіне айналған Brent мұнай бағасы қараша айында 83-85 доллардан 78,21 долларға дейін төмендеді,ал WTI маркасы 79-83 доллардан 76,76-ға құлдилады. Маусым айында ғана 115 долларды құраған мұнай бағасының 40 долларға дейін төмендеп кетуі мұнайды негізгі экономикалық «фортуна» санайтын Қазақстан үшін де, көршілес Ресей мен Араб елдері үшін де қауіпті жайтқа айналды.
Қыстың алғашқы күнінде мұнай бағасы 68 долларға түсті. Brent маркалы мұнай құны бір сағат ішінде бірден екі долларға арзандаған. Сауда-саттық барысында мұнайдың әр баррелінің құны 68,28 долларға дейін төмендегенде ғана, нарықта қара алтынға деген сұраныс қайта пайда болып, әр баррелдің құны 60 центке көтерілген. Соған сәйкес мұнай бағасы 68,7 доллар төңірігінде тұрақтаған.
Нәтижесінде, Қазақстандық теңге долларға шаққанда бағамын 0,29 пайызға жоғалтты. Алайда, шикізат бағасын белгілеуде қысым келтірмеу үшін теңге бағамын ақырындап алмастырып отырған Ұлттық банк, теңгенің белгіленген бағамы бюджет кірісін төмендететінін алдын-ала болжап қойған сияқты.
Желтоқсан айының соңында әлемдік мұнай бағасы 62 долларға арзандады. Мұнай бағасының тұрақсыздығынан Ресейлік рубль бағамы да ретке келместен, өз мұнайларын 60 доллардан жоғары бағаға сатты.
Осы жылдың 13 қаңтар күні Brent маркасының әр баррелі ең төменгі рекордтық бағада 45,5 доллардан, ал WTI 44,5 доллардан сатылған болатын. 14 қаңтарда бұл көрсеткіш 46,67 долларды құрады.
Forex Club мамандарының айтуынша, алдағы уақытта баға бұдан да төмендеп кетуі ықтимал.
Айта кетерлігі, Қазақстанның 2015-2017 арналған бюджеті мұнайдың әр баррелі үшін 80 долларға негізделген. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бюджетке бірқатар өзгерістер енетінен мәлім етті. Белгілі болғандай, алдағы уақытта мұнайдың бір баррелінің құны 50 долларға бағаланбақ. Осылайша 2015 жылға жоспарланған бюджет 1 трлн 3 млрд 600 млн теңгеге азайып, 3 трлн 155 млрд 900 млн-ды құрайды.
Тарихты қайталау. Мұнай бағасы төмендеуінің екінші себебі ретінде саяси пікірлер де айтылып жүр. Ол Украина мәселесіне байланысты АҚШ пен Ресей арасындағы сес көрсету қақтығысы. Қырымды аннексиялаған Ресейге қарсы санкциялар. Экономикаға төнген қауіптерге қарамастан славян елі Батысқа қарсылық көрсетуін жалғастыра берді. Батыс Ресей мұнайына санкция жарияласа, саяси Кремль Ресей аспаны АҚШ ұшақтары үшін жабылатынын мәлім етті. Бұл жағынан алғанда Батыс үшін «аяқтан шалудың» оңай жолы мұнай бағасын түсіру болып табылады. Өйткені Ресей бюджетінің басым бөлігін мұнай мен газдан түсетін доллар құрайтыны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, Ресей бюджетін толтыру үшін мұнай бағасы барреліне 104 доллардан төмендемеуі керек. Алайда, көрсетілген бағадан 80 долларға құлдилап кеттік. Ресейлік рубльдің құнсыздануы, инфиляцияның өршуі Кремльді күйзелтіп тұрғаны рас.
Сарапшылардың ойынша, Америка Сауд Арабиясымен келісе отырып, мұнай бағасын түсіруді бірге қолға алған. Бұлай болжам айтуға да негіз бар. Себебі, тарихта Мәскеуге ықпал ету үшін АҚШ-тың араб ханзадалары көмегімен мұнай бағасын құлатқан оқиға болған. 1985 жылдың 13 қыркүйегінде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Ямани өздерінің мұнай өндіруді шектеу саясатынан бас тартатындығын мәлімдейді.
Осыдан кейін алты ай ішінде Сауд Арабиясының мұнай өндіру көлемі 3,5 есеге өскен, жыл соңында ол 6,5 есені құрайды, нәтижесінде баға да төмендеген.
Егер 1981 жылы мұнайдың бір баррелі 35 доллар болса, ол 1986 жылы 20 долларға барған. Бір жылда КСРО 13 млрд мұнай долларынан айырылған. Осыдан барып 1989 жылы КСРО құлады.
Қазірдің өзінде Еуропалық мемлекеттер Ресейге ивестиция салудан бас тартып жатыр. Көрші елдің басты мұнай компаниялары қаржы табу жағынан қиындықтарға ұшырап отыр. Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция – 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл). Егер дәл осы көрсеткіштер өзгере беретін болса, Ресейдің экономикасын жарқын жағынан болжау қиын.
Алдағы уақытта мұнай бағасы 30-32 долларға дейін төмендейді деген болжам бар. Саяси қақтығыстардың экономикаға әсерінен әлемдік державалар жапа шегіп отыр. Болашақта нарықтың қалай өзгеретіні белгісіз. Алайда, бүгінгі нәтижелерге қарап жақсы болар деуге негіз бар. Себебі, АҚШ мұнайы банкрот болғанын жариялады, демек 700 млн-дық көлем «қара алтын нарығынан» шықты. Осыдан кейін сұраныс пен ұсыныс теңелетін болса, баға қайта көтерілуі әбден мүмкін.
Арайлым Әкім «7»