Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әлеуметтік желіде имидж қалыптастыру жолы қандай?

Әлеуметтік желіде имидж қалыптастыру жолы қандай?

Әлеуметтік желіде қалай тіркелгеніңізді айтсаңыз, сіздің кім екеніңізді айта аламыз. Бөліскен жазбаларыңыз, жазған ойларыңыз, қосқан әндеріңіз бен видеоларыңыз сіз туралы ақпарат береді. Өзіңіз би, өзіңіз қожасыз. Офлайн мен онлайнның айырмасы аз боп барады. Сізді мүлдем танымайтын адам қалыптасқан көзқарастарға сүйеніп, сіз туралы түйін түйеді. Бұл түйін қаншалықты дұрыс болары да белгісіз. Сонымен, әлеуметтік желідегі имидж деген не? 7kun.kz ақ-қарасын ажыратады.

Әлеуметтік желінің алуан түрлері бар. Көңіліңіз қалағанына тіркеліп, қолдана аласыз. Бірі ойымен бөліскенді жөн көрсе, енді бірі сурет салумен шектеледі. Қалай деген күннің өзінде әрбір жазбаңыздың артында сіз туралы мәлімет тұрады.

Бренд болып қалыптасу жолдары

Жеке өмірді араластырмай офлайнда өмір сүру мүмкін емес десе болады. Ел-жұрттан жасыратыныңыз болса, онлайнда ол туралы сөз қозғамауыңыз керек. Себебі, интернет - жеке брендіңізді қалыптастыруға арналған алаң. Қай желіде болмасын, мына әдістерді ұстанғаныңыз жөн: 1. Сурет өте маңызды Офлайнда адамды киіміне қарай қарсы алатын болса, онлайнда суретіңіздің рөлі ерекше. Аватар барынша кәсіби болғаны жөн. Табысты, іскер адамдар әлеуметтік желідегі имиджінің жоғары деңгейде болуына мән береді. Кейін сіздің беделіңізді түсіруі мүмкін деген суреттер болса, өшіріп тастаңыз. Әрине, егер сіз мұнтаздай адам кейпінде болуды көздесеңіз ғана. Басты суретті шама келсе, ауыстыра бермеген дұрыс. Неге десеңіз, бір қойылған сурет арқылы визуалды түрде бет-әлпетіңіз достар тізімінде бар адамдардың жадында сақталады. Яғни, аты-жөніңізді атаған сәтте көз алдына басты беттегі суретіңіз келуі керек. Осы себептен аватарға барынша кәсіби түсірілген, әдемі сурет қойыңыз. Бірақ, сурет маңызды екен деп лентаны суретпен толтырудың қажеті жоқ. Сурет салуды ғана қаласаңыз, ол үшін арнайы желілер бар. Кез келген жерге бет-бейнеңізді кірістіре берген - адамды жалықтырады. Әрі-беріден соң достар қатарынан жойылып кетуіңіз де ғажап емес. 2. Барыңызды жайып салмаңыз Бір кездері дос-жаранмен, құрбылармен хат жазысып, екеуара сыр шертісетін сәттер келмеске кетті-ау. Жасы біразға келген адамдардың айтатыны осы. Ғаламтор пайда болғалы аталған әдет те жоғалды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатыны бір жағы жақсы болса, екінші жағы... Аса жақсы емес. Шынайылықтың шыңынан асырып жіберетіні рас. Қазіргі кезде көңіл-күйіңіз болмаса, барша әлемге жар сала аласыз. Қуансаңыз да дәл солай. Жанына медеу болатын жандарды тек монитордың ар жағынан сезінуге болады. Бірақ, шын ниетпен жазылған сөз бе, жай бетперде ме - ажырату қиын. Осал тұсыңызды көру, артықшылықтарыңызды байқау үшін бар болғаны сізді әлеуметтік желіде табу жеткілікті. Сондықтан барыңызды жайып салмаңыз. Әлеуметтік желідегі өмір мен шынайы өмірдің шекарасын сақтап тұру қажет. 3. Біреуге пайдаңыз тисін Жеке басыңыздың қамын ғана ойламай, достарыңызды да бір сәт еске алып қойғайсыз. Белгілі бір шара өтіп жатса, байқау ашық деп жарияланса - бөлісіңіз. Біреудің бағы жанса, сауабы сізде. Өзіңіз ойлап көріңізші, сіздің саны көп, сапасы сын көтере алмайтын суреттеріңіздің кімге келіп-кетері бар? Иә, бұл аккаунт - сіздің меншігіңіз. Не қаласаңыз, соны жазасыз. Дегенмен бірбеткейлік жақсы қасиет емес. Офлайнда өзімшілдің жолдасы қандай аз болса, онлайнда да солай. Дәл осы пайдалы ақпаратты тарату арқылы сіздің жағымды имиджіңіз қалыптасады. 4. Қызығушылығыңызға сай желіні қолданыңыз Қай желіде болмасын өзі кірмесе де, тіркелген қолданушылар бар. Ол бір сайттан ақпарат алу керек кезде, білместіктен тіркелгенде, барлығы тіркеліп жатыр екен деген қате түсініктен пайда болады. Жәй аты бар, заты жоқ деген сол. Негізі, көңіліңіздің қалауына қарай түрлі әлеуметтік желілер бар. Ол жерлерде сіз секілді қолданушылар көп жүреді. Көзқарастарыңыз бір адамдарды, әңгімеңіз жарасатын дос адамдарды жолықтыруға да мүмкіндік жоғары.

5. Мақсатыңызды айқындаңыз

Әлеуметтік желіге не мақсатпен кіресіз? Достармен тілдесуге ме, ойыңызды айтуға ма, жаралы жаныңызға ем іздеу үшін бе? Әлде өніміңізді жарналайсыз ба? Кез келген қадамға барарда адам алдына мақсат қояды. Дәл осы секілді әлеуметтік желіні қолдануда да мақсат болады. Бірі мегабайтты бір алған соң, барлығының амандығын біліп қалғысы келеді. Яғни, бірлікті үнемдеу үшін қолданады. Бірі - соңғы жаңалықтарды есту үшін. Бірі - ішіндегісін ақтару үшін. Сіз ше? Сіздің тіркелгендегі мақсатыңыз не? Осыны айқындап алыңыз.

Сіз қандай типке жатасыз?

Жазба жазып бастаған сәттен сіз туралы түсінік қалыптаса бастайды. Мынаның жазу стилі ерекше, мынау тым мақтаншақ, мынау болса - жалықтырады. Негізінен әлеуметтік желі қолданушыларын мынадай түрлерге бөлуге болады:
  1. Патриот қолданушы - жазбаларын атой салып, ұрандатып жүреді. Әр постында "елім, жерім, қайран ұлтым" деген сөздер болады. Айналасына да сондай адамдар жиналады да, бірлескен патриоттар ұйымы құрылады. Туған жерге махаббат, елге деген қамқорлық өте жақсы қасиет. Десе де, артық қыламын деп тыртық қылатындар да бар.
  2. Позитив қолданушы - аты айтып тұрғандай үнемі күлкі сыйлап жүреді. ВКонтакте желісінде күлкілі әңгімелер бөліссе, инстаграмда қызықты видеолар мен суреттер салып отырады. Осы сынды жағымды жазбалар жазу - ол адамның әдеті. Әлеуметтік желіде бұндай тәсілді қолданғандар аса ұтылмайды. Бөлісетіндер саны да, пікірлер саны да біршама. Негативтен шаршаған сәтте көз алдына қызықты жазба кезіксе, лайкты ешкім аямасы анық!
  3. Пайдалы қолданушы - әлеуметтік желі қолданушыларының ішінде достарының "сүйіктісі"осы қолданушылар. Олардың жазбаларын асыға күтеді. Кез келген тақырыптағы түрлі пайдалы ақпараттарды осы жерден табуға болады. Сол себепті көбі іздеп жүріп достасып, оқиды. Бұл қандай адам? Адамның таным көкжиегін кеңейтуші деуге болады. Лайфхактар, қызықты сіз білмеген мәліметтер, алдағы болатын шаралар, өмірлік кеңестер және т.б Нағыз жағымды имидж қалыптастырамын деген мақсатты алға қойғандарға арналған әдіс - осы.
  4. Ақылды қолданушы - үнемі ақылын аямайды. Бірақ бұл адам туралы үнемі екі ұшты ой жүреді. Бірі рахметін айтса, енді бірі - "ақылдымсынған бәле" деп әлек. Әрине, ақыл айтқан жақсы әрі оңай. Әйтсе де, он рет өлшеп, бір рет кесуге кеңес береміз. Пайдамды тигіземін деген ақ ниетіңізден айналайын. Жаза беріңіз!
  5. Негатив қолданушы - жазбаларынан негативтің лебі еседі. Постының астында үнемі ондаған не одан да көп пікірлер тұрады. Сыбайластары мен қарсыластарын қырылыстырып қойып, өзі келесі жазбасы жөнінде ойланып отырады. Қолданушылардың қытығына тию - оның хоббиі. Бұның осындай стильді неліктен таңдағанын көп ешкім біле бермейді. "Банның" тұрақты қонағы, достар қатарынан жойылған деген дәрежелер осы топқа тән. Елден ерекшеленемін деп алыстап кетуден сақ болыңыз.
  6. Көрермен көзайымы - бұл қолданушыға лайк жинау не тәйірі? Санаулы сәттерде-ақ жазғаны көпшіліктің талқысында жүреді. Оның бір жағдайға қатысты пікірі - ел аузында. Бірі - жағымды образда, бірі - тілі ащы адам, енді бірі - кемеңгерлер. Мұндай дәрежеге жету де оңай емес. Ол үшін сіз не жұлдыз болуыңыз керек, не жазбаңыз өтімді болғаны жөн. Бүгінде жұлдыз болу бір күн екенін ескерсек, көрермен көзайымы болуға әркімнің-ақ таласы бар.

Әлеуметтік желідегі имидж деген не?

Бэлла Орынбатова әлеуметтік желіде негатив жазбай, мәденит сақтаған жөн дейді. Өзінің позициясын ЕҰУ-дың аға оқытушысы былай суреттеп берді:
10952409_1554030531521894_2324784048384218346_nБэлла Орынбетова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы: Ұлттық университетте оқытушы болғандықтан және интернет журналистика пәні бойынша дәріс беретіндіктен, әлеуметтік желіде белсенді болуға тура келеді. Менің негізгі оқырмандарымның дені - өзім тәлім алатын ұстаздарым, әріптестерім және студенттерім. Сондықтан да ӘЖ өзінде дистанция ұстап, субординация сақтаймын. Жалпы, өмірде де салмақты адаммын. Негізінен әлеуметтік желіде ең алдымен адам туралы пікір қалыптастыруға оның аватары әсер етеді. Сондықтан, барынша байсалды, қарапайым суретті таңдаған жөн. Әлеуметтік желіде негізінен пайдалы ақпаратпен бөлісіп, ара-тұра әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге қатысты жазбалар жариялап тұрамын. Желілерде өзгелермен пікір алмасқанда конфликтіге бармаймын, конструктивті сынымды жұқалап, тігісін жатқызып жеткізуге тырысамын. Әлеуметтік желі бұл тек адамдардың коммуникациялық алаңы ғана емес, сонымен бірге оның азаматтық позициясын, қоғам алдындағы функциясын айқындайтын орын деп білемін. Сондықтан мүмкіндігінше қайырымдылық акцияларына қатысып тұрамын. Әлеуметтік желіде көмек, кеңес сұрағандарды елеусіз қалдырмауға тырысамын. Сонымен қоса, негатив ақпаратты бөліспеуге, тіпті ондай достарды жазбадан алып тастап отырамын. Жеке өміріме қатысты ұсақ-түйек әңгімелерді, суреттерді салғанды ұната бермеймін. Ондай әңгімені айта қалған күнде де оқырманға ой салар дүние болғаны жөн. Әрине, кейде жақын адамдарыммен қалжыңдасатын кездер де болады. Бірақ мұндай жазбаларға,комменттерге негізінен жабық топтарда, қауымдастықтарда ғана ерік беремін. Оларсыз виртуал өмір тым іш пыстырарлық болар еді.
Әлеуметтік желідегі имидж туралы ойымен көпшілікке танымал, жазбаларының соңы айқайға ұласатын Айгүл Өтепова да бөліскен еді. 
11013210_716282605160993_7822548658623515347_nАйгүл Өтепова, журналист: Мен өзімді 100% индивид адамдардың қатарына қосамын. Осы қасиетімнің арқасында өзімді бақытты сезінемін. Бірақ мінезім барлығына ұнай бермейді. Әркім өз пікірін маған күшпен таңады. Осылайша олар мені бақытсыз екендігіме сендіргісі келеді. Өзінің айтар ойы бар адамды бақытсыздардың қатарына қосуға қашаннан бері рұқсат етілген? Мен өз бойымдағы жақсы және жаман қасиеттерімді жасырмаймын. Әрі жаратылыс заңдылықтарын сол қалпында қабылдаймын. Менің шынайы болғаным көпшіліктің ызасын тудыратыны рас. Адамдардың өз-өздерін алдауға кедергі келтіретінім де сондықтан. Жаратылысы қандай болса, сол қалпын сақтасын. Мен үнемі жұртты таң қалдырып жүремін. Бірақ, ондағы мақсат ерекшелену емес. Менің мақсатым - менің жазғандарымның саналарына сіңіп, қабылдануы. Кейде тіпті салмақты ойларымды да жазып тұрамын.
Көрермен көзайымдарының бірі Бейбіт Сарыбай да жаратылысын сақтағандардың бірі. Яғни, әлеуметтік желіге жазба жарияларда қандай да бір қағидаларды ұстанбайды. 
11209481_865212290182769_5092447787647268711_nБейбіт Сарыбай, жазушы: Әлеуметтік желіде имидж қалыптастырайын, лайк жинайын деген ой болған емес. Нені жазғым келеді, соны жазамын. Репутация дегеніңізбен де шаруам жоқ. Бір білерім, жұртты мезі етіп, сурет сала бермеу керек. Маған біреудің ішкен-жегені қызық емес. Сол сияқты, менің ішкен-жегенім кімге керек?. Мендегі ұстаным осы ғана.
   
Интернетте "батырлар" көп. Бір жазбаның астына дау шығарып, қарама-қайшы пікірлер туындататындар өте көп. Әрқашан әділдік туын ұстанғандарды кездестіре бермейсіз бұл қатардан. Бірі еріккен ермегі екен деп жазса, бірі - жолдастық әзіл, енді бірі - көреалмаушылықтан осы позицияны ұстанады. Қалай болғанда да бұндай "шағыстырушы" адамдардың ерекшеленуі үшін көп уақыттың қажеті жоқ. Бір-екі жерде жарқ етіп, пікір айтса келесі жолы достарының жадында тұрады. Мұндай адамдар болмаса, әлеуметтік желі қызықсыз болар ма еді, кім білсін?! Сонымен провокаторлар туралы не айтуға болады?
генешнщешнДанияр Алан, блогер:Әлеуметтік желілердегі "шағыстырушылардың" қаншалықты шағыстырушы екенін білмеймін. Оларды флудер деген дұрыс шығар. Қараңыз: сіз мәселен блогта, әлеуметтік желіде пост жазасыз. Ал сіздің рейтингіңіз төмен. Кәсіби флудерлер "шағыстыру"-ды осы кезде іске қосады. Не үшін? Пост әр пікір жазған сайын әлеуметтік желінің жоғарғы жағына қарай шыға береді де, аудиториясы кеңейе береді. Яғни, басында 1 сағаттың ішінде 10-15 досыңыз ғана көрсе, флудтан кейін келесі екінші сағатында оның аудиториясы он есе, кейде жүз есеге көбеюі мүмкін. Ал флудтың ең тиімді құралы - шағыстыру. Пікір жазған екі адамды шағыстырып қойсаң олар өздерімен өздері пікір жазып, тек сенің достарың ғана емес, постты олардың да достары көре алады. Кейде бір-бірімен ұрсысып отырған екі адамның достары көмекке келіп, екі тарап пайда болады. Аудиторияны жүз есе көбейту жолы осы. Бар болғаны сол-ақ. Блогтарда кәсіби түрде ең алғаш рет қазақтілді сегментте қолданған kerekinfo.kz блогтұғыры шығар. 2010-2013 арасында дәл осы флудерлік осы сайтты Қазақстандағы ең танымал сайттардың біріне айналдырды деп жобалай аламын. Бірақ, кей жағдайларда бұл инструменттің кері жағы да болады. Яғни, жазбаң жайына қалып, тек ұрыс алаңына, пікір қақтығысына айналып шыға келеді. Сондықтан мұны тақырыпқа икемдеп отыру пост жазушының шеберлігіне байланысты.
Әлеуметтік желі өміріңіздің мәніне айналмасын. Алтындай уақытыңыздың аздаған бөлігін ғана бөліп, шынайы өміріңізге көбірек мән беріңіз. "Интернетте досыңның көптігінен не пайда, реалда бірі болмаса" деген сөз жадыңызда болсын.

 Аққайыр Жадыра "7"

Похожие материалы