Әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтқан қазақстандықтарға айыппұл салынады
Алматы. 13 қаңтар. 7kun.kz – Әлеуметтік желіде әдепсіз сөздер айтқан қазақстандықтарға айыппұл салынады. Бұл туралы ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев айтты.
«Әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтқаны үшін, егер бұндай әрекеттер қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларға сыйламаушылық танытып, азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады», – деді ол.
Оның айтуынша, әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдемелер жинайды. Бұл азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио-, бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы болып табылады. Құқықтық бағаны сот береді.
«Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан жағдайда, бұл үшін айыппұл 17 250 теңгені құрайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген», – деді Құрымбаев.
Сондай-ақ бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер түрінде көрінеді.
Еске салайық, Қазақстанда қоғамдық орындарда темекі шегуге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап темекі шегу 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.