Нұр-Сұлтан. 18 мамыр. 7kun.kz – Нұр-Сұлтанда ер адам лифтте әйелін қатты соққыға жыққан. Ол Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына үміткердің ұлы болып шықты, деп хабарлайды 7kun.kz.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбектің айтуынша, әйелін соққыға жыққан Елнұр Бәйметов қоғам қайраткері, Шымкент мәслихат депутаттығына кандидат Гүлайым Шұңғараеваның ұлы болып шықты. Сонымен қатар, Шұңғараева «Аmanat» партиясының мүшесі және бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін үгіт-насихат жүргізген.
Ал Гүләйім Шұңғареваның өзі Orda.kz тілшісіне ұлын қорғамайтынын айтқан.
«Қазір тергеу жүріп жатыр. Бұл Шымкентте емес, Нұр-Сұлтанда болды. Олар ол кезде менімен бірге тұрмады. Мен ұлымды ақтамаймын», – дейді Гүләйім Шұнғараева.
Әйелді аяусыз соққыға жыққан видео желіде бірер күн бұрын пайда болғанымен, шабуылдың өзі наурызда болған. Аталған жағдайға байланысты полиция да пікір білдірді.
«Бұл өтініш бойынша Нұр-Сұлтан ПД Есіл ауданының полиция басқармасы ҚК-нің 107-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") бойынша қылмыстық іс тіркеді. Жүргізілген сот-медициналық сараптамаға сәйкес жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. Күдікті адамға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды», – деді ПД.
Айта кетейік, 27 наурызда Нұр-Сұлтанда күйеуі әйелін аяусыз соққыға жыққан инцидент камераға түсіп қалған. Дәрігерлер жәбірленушінің қабырғасы мен көкірек сүйегінің сынуы және омыртқасының компрессиялық сынуы деген диагноз қойды.