Жексенбіде Германияда басталған "үлкен жетілік" саммитінде грекиялық дағдарыс пен Украина жағдайы басты тақырып болды. Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, АҚШ, Франция және Жапония басшылары Украина шығысындағы келісімнің бұзылуына жауапты ретінде Ресейге қарсы санкцияларды арттыра түсуге уәделесті деп хабарлайды Еуроньюс.
"Біз барлығымыздың ұстанымымыз бір екендігі туралы хабарлама жіберуіміз керек. Санкциялар - мақсат емес. Олар қажеттілік туындаған кезде енгізіледі. Біз әрқашан санкциялардың кері шегерілуі Минск келісімдерінің орындалуына байланысты деп айтып келеміз", - деді ГФР канцлері Ангела Меркель Батыстың жаһандық мәселелерді шешу үшін Мәскеумен серіктесуге тиісті екендігін мойындай отырып. Саммит қатысушылары Грекия жағдайын да талқылады. Айта кетейік, Афина билігі қаржылық көмекті жалғастыру үшін реформалардың жаңа жоспарын ұсынуы қажет. Бірақ келіссөздер әзірге жаңа деңгейге жете қойған жоқ.Осыған дейінгі шаралар тәрізді қазіргі саммит те наразылық шеруінсіз өткен жоқ. "Үлкен жетілік" елдерінің саясатына қарсылық білдірушілер жиналып, саммит өтетін жерге бармақшы болғанымен, полиция тоқтатты. Екі күндік саммит кезінде әлемдегі ең дамыған 7 экономика көшбасшылары қауіпсіздік сұрақтарын талқылап, Таяу Шығыс пен ирандық ядролық бағдарлама жайын сөз етеді.
Бұл клубтың бір мүшесі болған Ресей 2014 жылдың наурызынан кейін өз қатысуын тоқтатты. Украина дағдарысы мен Батыс пен Мәскеу қарым-қатынасының ушығуына байланысты "сегіздік" "жетілік" форматына өтті.