Экономика
Ұлттық банк 2017 жылы Астанаға көшеді
Ұлттық банктың орталық аппараты 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін Астанаға толық көшіп, орнығатын болады. Бұл туралы "Астана" халықаралық қаржы орталығы" туралы президент тапсырмасында жазылған деп хабарлайды zakon.kz сайты.
Құжат бойынша, Ұлттық банкке 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін Банктың негізгі функцияларының орындалуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болатын орталық аппараты пен ұйымдарын кезең-кезеңімен Алматыдан Астанадағы жаңа орынға ауыстыру тапсырылған.
"Ұлттық банктың мәліметтер базасының қор орталығын құруды қамтамасыз етіп, "Қазақстандық қор биржасы"
акционерлік қоғамдастығының көшірілуі үшін алғышарттар жасау қажет", -деп жазылған құжатта.
Құжатта Астана аумағында халықаралық қаржы орталығын құру қажеттігі атап өтілген. Осыған байланысты, Ұлттық банк пен үкіметке 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін парламент қарауына орталықтың құрылуы мен әрекетін қамтамасыз ететін, әлемдік қаржы орталығы стандарттарының негізінде халықаралық қатысушылардың қарым-қатынасын реттейтін заң жобасын жіберу тапсырылды. Сондай-ақ, заң жобасы инвестициялық дауды қарау құқығына ие шетелдік соттарды жұмылдыра отырып, орталықта қаржылай сот құруды да қарастыруы қажет. Құжатта Ұлттық банкте халықаралық "Астана" қаржы орталығының қатысушыларының әрекетін реттейтін комитет құрылғандығы да жазылған.