Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк «Казинвестбанкке» неге ақша бергенін айтты

Ұлттық банк «Казинвестбанкке» неге ақша бергенін айтты

Астана. 14 қаңтар. 7kun.kz - Ұлттық банк «Казинвестбанкке» неге ақша бергенін және ол ақшаны неге кері қайтарып алмағанын түсіндіріп берді. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, 200 миллиард теңге шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін банктерге келісілген түрде берілген екен.

«Біз қаражат бөлу жолын өзгерттік деп айттық. 30 банктің бәрін жинап, осы жүйеге қатысуға шақырдық. Біз қаражатты банк рейтингісіне байланысты, 14 пайыздан 16,5 пайыз аралығында береміз деген талап қойдық. Несие 3,5 жылға берілді және осы 3,5 жылдың алты айы - қаржыны игеруге, қалған үш жылы несиенің өзіне арналады дедік. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорын шақырып, мониторинг жүргіздік. Осы 200 млрд теңгенің ішінен біз 15 банкке 113 млрд теңге қаражат бөлдік. Қалған 15 банк өз себептерін айтып, қаржыландырудан бас тартты. Бұл бағдарлама аясындағы қаржы екенін айтқымыз келіп отыр»,-деп түсіндірді ол.

Қаражат алғандардың арасында кейінірек лицензиясынан айырылған «Казинвестбанк» бар еді. Нұржан Тұрсынханов лицензиясынан айырылған банктен қаражат неге кері қайтарылып алынбағанын түсіндірді.

«2016 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес, «Даму» қоры хабарлағандай, «Казинвестбанк» бөлінген қаржының 99,9 пайызын, яғни, 2,9 млрд теңгені толық игеріп қойыпты. «Казинвестбанк» 2016 жылдың сәуірінде алған қаражатын әуел баста келіскендей алты ай ішінде шағын және орта кәсіпкерлікке беріп қойған. Бұл қаражат экономиканың нақты бір саласына бағытталып қойған соң, біз ол ақшаны кері қайтара алмадық»,-дейді ол.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, депозиттерді кепілдендіру қоры «Казинвестбанкте» депозитте сақтаған үш миллиардқа тартқа ақшаны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтармайтын болды деп хабарлаған болатын.

Похожие материалы