Алматы. 28 маусым. 7kun.kz - Қаржы секторында инновациялық технологияларды қолдану қызметтер көрсету - процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Цифрлық өнімдер мен шешімдер клиенттердің қаржылық қызметтерді жылдам әрі қолайлы алуға деген қажеттіктеріне бағдарланған, олар қолжетімділігімен және жеңіл қолданылуымен ерекшеленеді. Қаржы секторындағы цифрландыру процесі, ағымдағы ахуал мен жобалар туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков айтып берді.
Ол қаржы секторында цифрлық технологиялардың бұрыннан белсенді түрде пайдаланылып жатқанын атап өтті. «Бүгін Қазақстанда клиенттерге қашықтан қызмет көрсету - интернет-банкинг қызметтері, мобильді банктік қосымшалар қарқынды дамуда, олардың көмегімен қашықтан төлемдер жүргізуге, қызметтердің ақысын төлеуге және банктердің өзге де сұранысқа ие өнімдеріне қол жеткізуге болады. Бұл жүйелерде 9 млн. аса пайдаланушы тіркелген, оның шамамен 30%-ы операцияларды тұрақты түрде жүргізеді. Интернет және мобильді банкинг жүйелері арқылы жүргізілетін операциялар көлемі қазірдің өзінде POS-терминалдар арқылы жүргізілетін қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінен асып кетеді. Күн сайын елімізде цифрлық банкинг жүйесі арқылы шамамен 6 млрд. теңге сомаға халықтың қолма-қол ақшасыз 400 мыңнан аса транзакциясы жүргізіледі. Бизнес субъектілерінің қаржылық транзакцияларының 70%-ы да электрондық банктік қызметтер арқылы жүргізіледі», - деді Е. Ашықбеков.
Ол қазіргі уақытта банктердің банк шотын онлайн ашу және биометриялық технологияларды (саусақ ізін, дауысты және адамның бетін тану) пайдалану бойынша жаңа шешімдер енгізіп жатқанын айтты. Бүгінгі күні заңды тұлғалардың банктік шотты онлайн ашуына және оларды мемлекеттік тіркеу сатысында электрондық үкімет порталы арқылы міндетті сақтандыру шартын жасасуына арналған сервис іске қосылды, яғни жаңадан құрылатын заңды тұлға бір электрондық рәсім шеңберінде мемлекеттік тіркеуден өте алады, өз қалауы бойынша осындай қызметті ұсынатын екінші деңгейдегі банктердің бірінде банк шотын аша алады және өзінің қызметкерлерін сақтандыра алады. Осылайша, қаржылық қызметтердің жаңа цифрлық экожүйесін қалыптастыру процесі белсенді түрде жүргізіліп жүр.
«Сонымен қатар Ұлттық Банк қаржы секторын одан әрі цифрландыру мақсатында банк қоғамдастығымен бірлесіп жаңа заманауи талаптарға жауап беретін бірнеше жобаны іске асыру жұмыстарын іске асырып келеді. Бұл қаржылық, сол сияқты мемлекеттік қызметтерді көрсету процесін автоматтандыру үшін қаржы ұйымдарының мемлекеттік органдармен электрондық өзара іс-қимыл жасауына, клиентті қашықтан сәйкестендіру тетігін енгізуге, жылдам, бірмезеттік төлемдер үшін инфрақұрылым құруға және болашақта электрондық қаржылық қызметтердің ашық экожүйесін құруға да бағытталған бірқатар басқа инфрақұрылымдық шараларға өтуді білдіреді», - деп хабарлады Е. Ашықбеков.
Атап айтқанда, ол ағымдағы кезде барлық банктердің мемлекеттік органдарға бюджетке қабылданған төлемдер туралы хабарламаларды ақы төленген сәттен бастап 15 минуттың ішінде жіберу қызметін іске асырғанын, бұл қажетті мемлекеттік қызметтерді жылдам көрсетуге мүмкіндік беретінін айтып берді. Төлемдерді автоматты түрде есепке алу және орындау үшін банктердің әкімшілік айыппұлдар, салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы ақпаратқа және мемлекеттік органдардың жүйелеріндегі өзге ақпаратқа қолжетімділігін іске асыру жөнінде бірқатар интеграциялық процестер іске асырылып жатыр.
Клиенттерді қашықтан сәйкестендіру тетігін енгізуді Қазақстан Ұлттық Банкі банктермен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау жұмыстары өтіп жатыр. «Бүгінгі күні қаржылық қызметтерді алу қаржы ұйымдарының офистеріне баруды, яғни клиенттің жеке басын сәйкестендіру үшін оның өзінің баруын талап етеді, бұл белгілі бір кедергілерді туындатады. Қаржылық қызметтерді қашықтан алу мүмкіндігін іске асыру үшін клиентті қашықтан сәйкестендіру тетігін енгізу жоспарланып отыр. Бұл қызмет халықты, оның ішінде Қазақстанның шалғай аудандарындағы халықты банктік қызметтермен қамтуды кеңейтуге ықпал етеді», - деді Е. Ашықбеков.
«Бірмезеттік төлемдер жүйесін ұйымдастыру үшін түрлі банктердің клиенттері арасында төлемдер мен ақша аударымдарын банктік қызмет көрсетудің қашықтан көрсетілетін түрлі арналарын пайдалана отырып, жеңілдетілген сәйкестендіруші – мобильдік телефон нөмірі бойынша бірмезеттік режимде жүргізуді қамтамасыз ету бөлігінде банктер үшін жаңа есеп айырысу-клирингтік тетікті енгізу жұмысы белсенді жүргізілуде. Бұл қаржы ұйымдары көрсететін цифрлық қызметтер аясын кеңейтуге, оның ішінде осындай қызметтерді көрсететін банктердің мобильдік қосымшаларын пайдаланудың өсуіне, бүкіл қаржы секторының қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді», - деп түйіндеді Е. Ашықбеков.
Сөзін қорытындылай келе, ол көрсетілген жобаларды іске асыру интеграцияланған цифрлық ортаны құру, қаржы секторындағы қызметтер деңгейінің сапасын арттыру үшін қаржы институттарының, клиенттердің және мемлекеттік органдармен тиімді түрде өзара іс-қимыл жасауы үшін негіз болып табылатынын атап өтті.