Алматы. 7 желтоқсан. 7kun.kz - Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбастау бағамына өтуге байланысты жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгеде) ашылған депозиттері бойынша 11 млрд теңгеден астам сомаға өтемақының соңғы траншын төледі, сонымен қатар өтемақы төлеу рәсімін аяқтады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Өтемақыны 2016 жылғы 10 желтоқсанды қоса алғанда өзінің депозиттерін 2015 жылғы қарашада қайта ресімдеген және оларды бір жыл ішінде талап етпеген салымшылар өтемақы тәртібінің талаптарына сәйкес алады.
Үшінші транш бойынша өтемақы сомасын есептеу кезінде 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша ұлттық валютаның (теңгенің) АҚШ долларына қатысты бағамы 188,35 теңге және 2016 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша ұлттық валютаның (теңгенің) АҚШ долларына қатысты бағамы 340,30 теңге пайдаланылды.
Жеке тұлғалардың салымдары бойынша өтемақы тәртібі шеңберінде төленген өтемақының жалпы сомасы шамамен 53,8 млрд теңгені құрады.